Қоғам

Қалалық Мәдениет үйінде Қарттар күні аталып өтті

1 қазан – Қарттар күні. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының ассамблеясы бекіткен халықаралық мереке. “Қарты бар елдің қазынасы бар” демекші, Қазақстанда да бұл мейрам ерекше аталып өтіледі. Осы орайда қалалық Мәдениет үйінде қарттарға арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Қарттарды мерекемен құттықтаған қала әкімінің орынбасары Айнұр Шаймерденова қариялардың қоғамдағы рөліне тоқталып өтті.

АЙНҰР ШАЙМЕРДЕНОВА, қала әкімінің орынбасары:
– “Еліміздің тарихын көзбен көрген, қиындықты жеңіп, еңбегімен өркениетке жол ашқан жандарсыздар. Әрбір күніңіз жас ұрпаққа – сабақ, әрбір сөзіңіз – ақыл мен тәлім. Сіздерді Петропавл қаласының әкімі Серік Мақсұтұлы Мұхамедиев және өз атымнан шын жүректен Халықаралық қарттар күнімен құттықтаймын!”

Бүгінгі тыңдарман – қалың қарттар қауымы. Бұл жандар кезінде сан салада тер төгіп, елдің дамуын зор еңбек сіңірді. Сахнада шырқалған әр ән өнерлі жастардың алдыңғы буынға деген ризашылықтарын білдіргендейді.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– “Мерекемізге өте жақсы көңілмен келдік. Мына қалалық қамсыздандыру бөлімінің жігіттеріне, қыздарына көп рақмет айтамыз бүгінгідей концерт ұйымдастырғанына. Көңіл күйіміз өте жақсы, келген адамдардың барлығы көтеріңкі көңілмен келді. Қарттар күні – біз үшін үлкен мереке”. “Егде жастағы адамдарға денсаулық тілейміз. Бала, немере, шөберелеріңіздің қызығын көріңіздер!”

Салтанатты шара барысында бірқатар ардагер қала әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Надежда Ушакова жарықпен қамту кәсіпорнында 22 жыл тер төккен. Жалпы еңбек өтілі тіпті жарты ғасырға жуықтайды. Нәзікжанды зейнетке шықса да қол қусырып отырмақ емес. Қоғамда белсенді, жастармен біліммен бөлісуге де құштар.

НАДЕЖДА УШАКОВА, “СК РЭК” АҚ бастауыш ардагелер ұйымының төрайымы:
– “Құрмет грамотасы – сенің еңбегіңнің бағасы. Елдің дамуына қосқан үлесімді осылай жоғары бағалап жатқандарына ризашылығымды білдіремін. Қарт адамға қоғамның назары кеерк. Назар дұрыс болса, тәжірибесі таудай жан білімімен бөлісуге де аянбайды. Қоғамдық шараларға белсенді қатысып жүреді. Біздің бастауыш ұйымда 500-ге жуық зейнеткер бар. Кәсіпорын басшылығы тарапынан бізге үнемі қолдау көрсетіліп тұрады”.

Айта кету керек, бүгінде облыс орталығында 45 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Олардың мыңға жуығы – тыл еңбеккері.

Жаннур Бектурганова