Қоғам

Электр, жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңарту жұмыстары

Электр, жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта қалыпқа келтіру – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Биыл облысымызда «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауқымды шаруа атқарылды. Маңызды іске миллиардтар бағытталды. Тындырылған жұмыс қорытындысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында айтылды.

ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
-“Бірінші бағыт – электр желілерін жаңғырту. «Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ Петропавл қаласы мен облыстың 8 ауданында электр энергиясын тасымалдау және таратуды жүзеге асырады. 2026 жылы электрмен жабдықтау желілерінің 33,38 километрінде және 5 қосалқы станцияда жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Осы мақсаттарға 3,030 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген (өз қаражаты). Сонымен қатар, 2026 жылы Ұлттық жоба аясында 3 қосалқы станция мен 218,09 километр электрмен жабдықтау желілерін жөндеу қарастырылған”.

Қыруар қаржы, атқарылатын ауқымды жұмыс. Мұның нәтижесінде 2026 жылы өңірдегі электр желілерінің тозу деңгейі 80,87 пайыздан 79,18 пайызға дейін төмендету күтіледі. Петропавлдағы жылу желілері де ескірген. Қазіргі таңда көңіл көншітпейтін көрсеткіш 82 процентке таяп қалған.

ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
-“Ұлттық жоба аясында жалпы сомасы 4,606 млрд теңге болатын 5 жобаны іске асыру көзделген (қарыз қаражаты). Оның ішінде 2,00 километр жылу магистралін реконструкциялау және 5,636 километр тарату желілерін реконструкциялау жоспарланған.
Жылу желілерінің тозуын 81,69 пайыздан 79,86 пайызға дейін төмендету 2027 жылға жоспарланып отыр”.

Теңізге тамған тамшыдай болса да Петропавлдағы сумен жабдықтау және кәріз желілері де жөнделуде. Қазіргі таңда алғашқысының тозу деңгейі -56,7 пайыз, екіншісінкі – 60,8 пайыз. Жаға ұстауға мәжбүрміз. Ұлттық жоба өзекті мәселені шешуге үлес қосады.

ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– “Ұлттық жоба аясында жалпы құны шамамен 6,558 млрд теңге болатын 8 жобаны іске асыру көзделген. Осы жобалар аясында магистральдық су құбырларын, сорғы станцияларын және кәріз коллекторларын реконструкциялау, сондай-ақ көрсеткіштерді қашықтан беру мүмкіндігі бар жалпыүйлік есепке алу құралдарын орнату жоспарланған”.

Бұл жұмыс жағдайды сәл де болсын түзейді. Мысалы, сумен жабдықтау бойынша тозу деңгейін 53,4 пайызға дейін, ал су бұру бойынша 59,6 пайызға дейін төмендету көзделген.

Байболат Култанов