Қоғам

Ұрпақтар диалогы: қарттар мен жастар ұстаздың қоғамдағы рөлін талқылады

Мағжан орталығында «Ұстаз: жүрек жылуы – ұрпаққа аманат» атты ұрпақтар диалогы өтті. Шараны ақиық ақын атындағы колледж қабырғасында құрылған «Ұстаз» клубы ұйымдастырды. 10 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатқан бірлестіктің бұл жолғы кездесуіне 50-ге жуық адам қатысты.

БАҚЫТ МУСИН, М. Жұмабаев атындағы жоғары колледждің “Ұстаз” клубының жетекшісі:
– “Бұл іс-шараның басты мақсаты – студенттерімізге мұғалімдік мамандықты игеруге ынталандыру. Бұл жиынды жыл сайын ардагер ұстаздарымызды арнайы шақыртып, өткізіп отырамыз”.

Іс-шара барысында аға буын ұстаздар жас мұғалімдермен және болашақ мамандармен өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, жаңа заманның оқу жүйесіне бейімделу үшін педагогтің бойында қандай қасиеттер болуы керек екенін, оның ішінде жасанды интеллектпен жұмыс істеудің маңыздылығын тілге тиек етті. “Мұндай шаралар ұрпақтар арасындағы байланысты күшейтеді”,- дейді білікті маман Айгерім Уәлиева.

АЙГЕРІМ УӘЛИЕВА, бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейдің директоры:
– “Жалпы, білім саласында 22 жыл қызмет атқарып келемін. Оның ішінде 15 жылдан артық мерзім бұл әкімшілік саласында, басқарушылық қызметте. Ұрпақтар сабақтастығының құндылығы неде деп сұрақ қоятын болсақ – XXI ғасыр жаһандану процесі болғанымен, бұған дейін ұзақ жыл білім саласында қызмет еткен ұстаздарымыздың, еңбек ардагерлерінің өмірлік тәжірибелері, әрине, ол қашанда құнды, қашанда өзекті”.

Жиын барысында бірқатар педагог облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Іс-шара колледждің жас музыканттарының сазды әуенімен жалғасын тапты.

Сандугаш Кайырбек