Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Алқалы жиында жол қозғалысы талаптарының сақталуы және қоғамдық тәртіпті нығайту мәселелері қаралды. Сандарды сөйлетсек, биыл өңірде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бюджеттен 1 млрд 300 млн теңге бөлінген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде келеңсіз оқиғалардың саны азайған. Ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау да ерекше назарда. Соңғы 2 жылда облыста 4 автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылған. Биыл аталған бекеттерде 212 әкімшілік материал рәсімделіп, жүргізушілерге жалпы сомасы 82 млн теңге айыппұл салыныпты. Сонымен қатар, жиын барысында аймақ басшысы жауаптыларға қоғамдық тәртіпті нығайту бойынша бірқатар тапсырма берді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Соңғы 3 жылда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 587 млн теңге бөлінді. Профилактикалық шаралардың нәтижесінде қылмыстардың саны азаюда. Жауапты органдар мектептер мен колледждердегі профилактикалық жұмысты жандандырып, пробациялық есепте тұрған адамдарға бақылауды күшейту қажет. Тұрғындар тарапынан қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты шағым көп түсетін орындарда тұрақты патрульдеу ұйымдастыруды тапсырамын”.
Нурасыл Ахмет