“Ұстазы жақсының ұстамы жақсы”. Бұл дана сөздің астарында шәкірт санасына сәуле шашып, өмір жолын нұрландыратын ұлағатты жандардың еңбегі жатыр. Сондай маманның бірі – Әсем-Жұлдыз Баймұқанова. Ол салада 40 жылға жуық тер төгіп жүр. Талай шәкіртті білім нәрімен сусындатты. Қазіргі таңда Смирново №3 орта мектебінде математика пәнінен сабақ береді. Оқушылары республикалық олимпиадаларда топ жарып жүр.
“Шеше көрген тон пішер”. Әсем-Жұлдыз ұстаздар әулетінен шыққан. Әке-шешесі, әпке-бауырлары – жаратылыстану бағытында білім беретін мектеп мұғалімдері. Бүгінде білікті педагогтың ізін ортаншы қызы басты. Ол анасына қарап, ұстаздық жолды таңдады.
ӘСЕМ-ЖҰЛДЫЗ БАЙМҰҚАНОВА, Смирново №3 орта мектебінің математика пәні мұғалімі, Аққайың ауданы:
– “Мамандығымды жанымен, тәніммен сүйемін. Бұл мамандық – менің өмірлік ұстанымым, өмірлік жолым. Мектепте оқушыларға математика пәнінен ғана білім бермей, оларды үлкен өмірге дайындаймын. Үлкен өмірде адам болсын деп тілеймін. Бойларында адами құндылықтарды дарытуға тырысамын”.
Дәл осы білім ошағында оның өмірлік серігі Азамат Баймұқанов та еңбек етеді. Ерлі-зайыпты университет қабырғасында танысқан. Шаңырақ көтергендеріне 37 жыл болды. Ағамыз – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, оқушыларды спортқа баулып жүрген тәжірибелі маман.
Ұстаздың еңбегі шәкірттерінің жетістігімен өлшенеді. Азамат Баймұқановтың жетекшілігімен мектеп оқушылары волейбол, футбол, баскетбол жарыстарында және әскери-спорттық сайыстарда аудандық, облыстық деңгейде үнемі тұғырдан көрінеді. Ол балалардың тек физикалық тұрғыдан шынығуына ғана емес, сонымен бірге командалық рух пен қайсар болуына ерекше көңіл бөледі.
АЗАМАТ БАЙМҰҚАНОВ, Смирново №3 орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі, Аққайың ауданы:
– “Балаларды қызықтыру үшін мұғалім өз сабағын жақсы көруі керек. Өзім спортпен шұғылдануды ұнатамын. Балаларды да соған баулимын. Балаларды жақсы көремін. Сондықтан, осы мамандықты таңдадым”.
Мектеп қабырғасындағы оқушылар мұғалімдері туралы жылы лебіздерін білдірді. Олардың әр сабағы қызықты өтетінін жарыса айтты. Бүгінгі таңда бұл мектепте 300-ге жуық оқушы оқиды. 30-ға жуық тәжірибелі ұстаз жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді.
Жаннур Бектурганова