Қоғам

Баланы кітап оқуға қалай баулу керек?

 

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ: тілші:
– “”Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге”. Бұл – ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының сөзі. Бүгінде ақпараттың басым бөлігі әлеуметтік желі арқылы тарайды. Дегенмен кітаптың адам танымын кеңейтіп, білімін тереңдетудегі маңызы әлі де жоғары. Сондықтан жас ұрпақ арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру – басты міндет”.

Бұл бағытта облыста жүйелі жұмыс жүргізілуде. Петропавлда “Мектеп және кітапхана: оқырманды тәрбиелеу” атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Тағылымы мол жиынға кітапханашылар мен ұстаздар қатысты. Тәжірибелерімен бөлісті. Шарада жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастыру қажеттігі жайлы сөз болды.

ЖАНСҰЛУ БЕКЕНОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың библиографы:
-“Басты мақсатымыз – оқушылар мен жастар арасындағы кітап оқу мәдениетін қалыптастырудағы заманауи тәсілдерді талдау. Сонымен қатар, ұстаздар, оқушылар, кітапханашылар және мектеп арасындағы байланыс жайлы сөз қозғалады.”

Қазір “Оқушылар кітапты оқымайды, керек дүниені әлеуметтік желіден тапқанды жөн көреді” деп жатамыз. Әрине, мәселе өзекті. Оны шешу үшін ата-ана мен маман бірлесіп жұмыс істеу қажет. “Балаға смартфонды күніне белгілі бір уақытқа ғана берген жөн. Осы арқылы ғана оң нәтиже болады”, – дейді мамандар.

РАЙГҮЛ БАЙМАТОВА, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының кітапхана меңгерушісі:
– “Оқушылардың ата-аналарымен кездесеміз. Кітапқа баулу жолдарын айтамын. Олар мектепте балалармен бірге кітап оқиды”.

Райгүл Тұрсынқызы мектепте балалардың кітапқа деген қызығушылығын ояту үшін түрлі шара өткізеді. Оқушы кітапханадан бір еңбек алса, оқып бітірген кезде міндетті түрде мазмұнын сұрайды. Ұл-қыздарға кітаптар жайлы қысқаша түсініктеме беріп, өз ұсынысын жеткізеді.

РАЙГҮЛ БАЙМАТОВА, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының кітапхана меңгерушісі:
– “Балаларды кітапқа қызықтыру мақсатында ұлттық мультфильмдерді көрсетеміз. Оқулықтарда теледидарда көрсетілетін туындылардан да қызықты оқиғалар жазылғанын айтамыз”.

Айта кету керек, қазіргі таңда Қазақстанда “Кітап оқитын ұлт” республикалық кітап оқу марафоны өтіп жатыр. Байқауға қатысуға 1 млн 400 мың адам өтінім берген. Оның 13 мыңға жуығы – теріскей тұрғыны.

 

 

Нурасыл Ахмет