Қоғам

63 жас шектеу емес: петропавлдық зейнеткер каратемен айналысады

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:

-“Карате – асқан шыдамдылықты, тәртіпті талап ететін спорт түрі. Бұл жолды петропавлдық Қымбат Иманбаева таңдады. Бала күннен емес, алпысқа таяған шақта кимоно киіп, татамиге шықты”.

Қымбат Иманбаева 45 жасында инсульт алған. Қазір 2-ші топтағы мүгедек болып саналады. Ауыр сырқаттан кейін қозғалудың өзі оңай емес. Бірақ кейіпкеріміз қиындыққа қарамастан 2022 жылдан бері каратемен айналысып келеді. Бүгінде қоңыр белбеуі бар.

ҚЫМБАТ ИМАНБАЕВА, қала тұрғыны:
– “Бұл спорт мінезімді шыңдады, төзімділікті арттырды, денсаулықты нығайтуға көмектесті. Карате секциясы жайлы белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан білдім. Қалада өтетін жарыстарға тұрақты түрде қатысып тұрамын. Басында қиын болды. Себебі, инсульттің кесірінен денемнің бір бөлігі қозғалмай қалды. Бірақ, спорт арқылы қиындықтарды еңсеруді үйрендім. Жаттығу барысында үнемі қозғалыста боламыз, түрлі жаттығу жасаймыз. Сол себепті, денсаулығым да біршама жақсарды”.

Зейнеткер белсенді өмір салтын ұстанады. Каратеден бөлек йога, жузумен айналысады. Оған қоса ағылшын тілін де меңгеріп жүр.

ҚЫМБАТ ИМАНБАЕВА, қала тұрғыны:
– “Бос уақытымда йогаға, жүзуге, скандинавиялық жүріс үйірмесіне және сурет салуға барамын әрі ағылшын тілін де меңгеруге тырысып жүрмін. Қолым бос болса, ине мен жіп алып тоқимын. Мұның барлығы денсаулығымды жақсартуға көмектеседі. Сол арқылы өзімді бақытты сезінемін”.

Қымбат Иманбаеваның жетістігіне бапкері де дән риза. Оның айтуынша, спортшы жаттығуға тұрақты қатысып, қиындықтарға қарамастан алға ұмтылып келеді. Бүгінде қоңыр белбеуді иеленген каратеші келесі деңгейге жетуге дайындалып жатыр.

ЛЮДМИЛА БУТЕНКО, жаттықтырушы:
– “Қымбат Иманбаева әрдайым ізденісте жүреді әрі өмірге құштар. Жаттығуларда аянбай тер төгеді. Биыл желтоқсан айында бірінші кюге тапсырады. Бұл – қара белбеуге дейінгі соңғы оқушы дәрежесі. Біздің топта тұрақты түрде он адам жаттығады. Жас ерекшелігі 58 бен 79-дың аралығында. Осы уақыт ішінде екі спорт шеберлігіне үміткер тәрбиелеп шығардық. Сонымен қатар Қазақстан чемпионатының қос жүлдегері бар. Қазір жас ерекшелігіне байланысты техникалық дайындыққа басымдық береміз. Негізгі мақсатымыз – адамның денсаулығын нығайту”.

Қымбат Иманбаева мұнымен тоқтап қалмақ емес. Зейнеткер алдағы уақытта да белсенді өмір салтын ұстанып, каратемен айналысуды жалғастырмақ. Сонымен қатар, жарыстарға қатысып, жүлдегер атануды мақсат етіп отыр.

Улан Ыдырыс