Облыста “Қоғамға қайта оралу” атты пилоттық әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Аталған бастама сотталып шыққан жандарды көпшілік ортаға қайта бейімдеу үшін қолға алынған. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшылығы өңірге арнайы елордалық әлеуметтанушылар мен психологтарды шақырған.
БАҚЫТ АШҚАРОВ, СҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары:
– “Бұл жоба бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады. Сотталған азаматтармен заңға жауапкершілікпен қарау және жұмысқа орналасу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Психологиялық кеңестер береміз. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлермен келісімге келе отырып, заңның ала жібін аттаған жандарды оқытамыз”.
СҚО-да екі жылдың ішінде сотталып шыққан 30 адам қайта қылмыс жасаған
Мұндай жұмысты күшейтпесе болмайды. Себебі, былтыр облыста бостандыққа шыққан 66 адамның 18-і қайта қылмыс жасаған. Ал биыл 37 адам түзету мекемесінен босатылса, оның 30 пайызы заңнын ала жібін қайта аттап, сотталған екен. Мәселен, жуырда Петропавлда 25 жыл бойы темір торда отырып шыққан тұлға көшеде кетіп бара жатқан әйелді ұрғаны үшін тағы бір мәрте қамалды. Бұған не себеп? Өзекті мәселені шешу үшін не істеу қажет? Түйткілдің шешімі жайлы елордалық әлеуметтанушы Медет Құдабеков баяндады.
МЕДЕТ ҚҰДАБЕКОВ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы:
-“Көп жағдайда есірткіге, алкогольге тәуелді адамдар қылмысқа қайта барады. Олардың заңның ала жібін аттауына жұмыссыздық, үй мәселесі де әсер етуі мүмкін”.
Медет Құдабеков: “Бостандыққа шыққан азаматқа жан-жақты қолдау қажет”
Сотталған азамат бостандыққа шыққаннан кейін “өз-өзін таба алмай” жүреді. Мұндай сәтте оған психологиялық көмек пен жақындарының қолдауы ауадай қажет. Бұл – әлемдік тәжірибе. Сонда ғана ол қоғамға бейімделеді, екі қолға бір күрек табады.
МЕДЕТ ҚҰДАБЕКОВ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы:
– “Қоғамда сотталғандарға “стигмамен” қарайды. “Ол қылмыскер, бізге зияны тиеді” деген түсінік қалыптасқан. Біз аталған қате түсінікті жойғымыз келеді”.
“Қоғамға қайта оралу” пилоттық әлеуметтік жобасы елде алғаш болып теріскейде қолға алынды. Алда тағы да шаралар бар. Егер бастама нәтиже берсе, Қазақстан бойынша таралатын болады.
Нурасыл Ахмет