Ауыл шаруашылығы

СҚО-да 5 млн тоннаға жуық астық жиналды

Еліміздің негізгі астық өсіруші өңірлерінде орақ науқаны аяқталуға таяп қалды. Бұл туралы кезекті Үкімет отырысында айтылды. Алқалы басқосуға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов онлайн режимде қатысып, баяндама жасады. Сандарға құлақ түрсек, топырағы құнарлы өлкемізде қазір 5 млн тоннаға жуық астық жиналған.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– «Бүгінгі таңда дәнді және бұршақты дақылдар 2,4 мың гектар немесе 84% алқапта жиналды. Жалпы түсім 4,1 млн тонна, орташа өнімділік гектарынан 17 центнерді құрады. Майлы дақылдардың 666 гектары немесе 54%-ы бастырылды. Орташа өнімділік гектарынан 11 центнерден – 733 мың тонна өнім жиналды».

Көл-көсір астық диқандардың қажырлы еңбегінің және мемлекет қолдауының арқасында жиналуда. Облыс диқандары 5%-дық жеңілдікпен жалпы сомасы 80 млрд теңгеге 1350 техника сатып алды. Оның ішінде 1003-і – отандық техника.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Күзгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті 62 мың тонна көлеміндегі жанар-жағармай материалдары және астықты кептіруге қажетті 14 мың тонна көлеміндегі жанар-жағармай материалдары уақтылы және толық көлемде бөлінді. Өнімділікті арттыру мақсатында 380 мың тонна минералдық тыңайтқыш сатып алынды. 57 мың тонна элиталық тұқым себілді, сорт жаңарту көрсеткіші 12,5%-ды құрады”.

Астықты шашу шығармай жинау – бірінші кезекте еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосу. Екіншіден, алқаптан жиналып, қамбаға жеткізілген өнім – сауда-саттық, әріптестік көзі. Қазақстанның бидай, майлы дақылдары қазір шекара сыртында жоғары сұранысқа ие. Сондықтан бұл іске асқан жауапкершілікпен қарау керек.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:
– «Президент тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан аграрлық салаға айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. Егін шаруашылығын орнықты дамытуға және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған субсидиялау тетіктеріне баса көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын қолдау шаралары бөлінген қаражаттың көлемімен ғана шектеліп қалмай, ең алдымен нақты экономикалық нәтижені қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтуде. Осы тұрғыдан алғанда, егін орағын сапалы әрі уақтылы өткізу – қойылған мақсаттарға қол жеткізудің басты шарттарының бірі».

Жиында Премьер-министр қуаңшылық пен су ресурстары тапшылығы жағдайында тіршілік көзін үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптардың көлемін ұлғайтуға ерекше назар аударды. Сонымен қатар, Олжас Бектенов маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдерінің тапшылығына және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді де тапсырды

Байболат Култанов