13 жастағы ұл бұлай үйінен жиі кететін көрінеді. Өйткені, полиция назарына да бірнеше рет ілігіпті. Жеткіншектің ата-анасы ұлын таба алмаған тәртіп сақшыларына жүгінген. Жасөспірім ақыры өз туыстарының үйінен табылады. Қазір оны арнаулы білім беру ұйымына жіберу мәселесі қарастырылып жатыр.
ЖАНАТ МҰСТАФИНА, қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімінің бастығы:
– “Петропавл қаласының аумағында “Назар аударыңыз: балалар!” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның аясында ювеналдық полиция қызметкерлері көңіл көтеру орындарын, ойын клубтарын, саябақтар мен скверлерді, сондай-ақ кәмелетке толмағандар жиі жиналатын қараусыз қалған ғимараттарды тексереді”.
Рейд кезінде ішімдікке салынған, балалардың тәрбиесінен шет қалған, қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтын ата-аналар және есепте тұрған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар да қадағаланады. Сонымен қатар, ойын-сауық орындары мен компьютерлік клубтар да тексеріледі.
Жыл басынан бері облыс орталығында заң талаптарын жүйелі түрде бұзған 9 жасөспірім арнаулы білім беру ұйымдарына жіберілді. 20 ата-ана құқығынан толық айырылып, 13-нің құқығы шектелді. Дегенмен, қатесін түсініп, отбасын қайта қалпына келтірген адамдар да бар.
Жаннур Бектурганова