Қоғам

Петропавлда медицина саласының ардагерлері марапатталды

Петропавлда Қарттар күніне орай медицина саласының ардагерлері марапатталды. Елдің амандығы жолында талай жыл тер төккен солтүстікқазақстандықтар түрлі марапатқа ие болды. Салтанатты шараға шақырылған жерлестеріміздің арасында аудандардан келгендер де болды.

АЗАМАТ МАҒЗҰМОВ, СҚО денсаулық сақтау саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– “Өзіміздің медицина саласында 4 мыңнан астам ардагер бар. Дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері, тағы басқалары. Бүгін сол жандарға жылы сөздер айтамыз, олардың істеген еңбектеріне тоқталамыз”.

Ұлағатты ұстаздың алдынан мыңдаған шәкірт өтсе, білікті дәрігерге де мыңдаған адам жүгінеді. Ақ халатты абзал жандар – қоғамның қорғаушылары. Бүгінгі күннің батырлары десек те болады. Салтанатты жиын барысында 6 маман облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталса, 9 зейнеткерге облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының марапаты табысталды және бір ғана «Солтүстік Қазақстанның құрметті ардагері» төсбелгісі Әлия Омароваға тағылды.

ӘЛИЯ ОМАРОВА, «СҚО құрметті ардагері» төсбелгісінің иегері, Айыртау ауданы:
– ”Мен Айыртау ауданында 49 жыл қызмет еттім, мамандығым – фельдшер. Еңбегімді осылай бағалағанына өте қуаныштымын. Ардагерлер өмір сүре берсін, денсаулықтары мықты болсын, аспанымыз ашық болсын!”

Бұл – облыс көлеміндегі денсаулық сақтау саласы ардагерлерінің алғашқы кездесуі. Әріптестер алдағы уақытта жиі қауышпақ. Жиын музыкалық шашумен жалғасын тапты.

Сандугаш Кайырбек