Қоғам

Өңірде жас ұстаздардың үлесі артып келеді

Жаңа мұғалім, жаңа әдіс. 29-шы мектептің орта буын оқушыларына ағылшын пәнін енді Накия Станкина оқытады. Жас маман ұстаздар қауымына биыл келіп қосылды. Өзі – жергілікті жоғары оқу орнының түлегі. Балалардың пәнге деген қызығушылығын арттыруды мақсат тұтқан мұғалімнің айтуынша, жаңа ортаға келген жан үшін әріптестердің қолдауы аса маңызды.

НАКИЯ СТАНКИНА, №29 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі:
– “Маған өз ойын еркін жеткізе алмайтын балалардың біртіндеп ашылып, өзіне сенімді бола бастағанын бақылау ұнайды. Бұл – мен үшін зор жетістік. Сабақ барысында балалардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға тырысамын. Түрлі әдіс-тәсілді, соның ішінде жұптық және топтық жұмыстарды қолданамын. Бұл оқушылардың бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасап, өзара пікір алмасуына және әлеуметтік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді”.

Ұстаздар әулетінің ұрпағы

Нариман Жүкенов те жас мамандардың бірі. Оның әулетінде ұстаздар көп. Сондықтан ол мамандық таңдауда ұзақ ойланбаған екен. Педагог №29 мектепке жұмысқа биыл орналасқан. Жас маман сабақ барысында заманауи әдіс-тәсілдерді қолдануға тырысады. Себебі, ең алдымен оқушының пәнге деген қызығушылығын ояту қажет дейді.

НАРИМАН ЖҮКЕНОВ, №29 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:
– “21-ші ғасыр – жасанды интелект дәуірі. Сондықтан біз сабақтарымызда түрлі ойындар мен викториналар қолданамыз”.

Биыл жас мамандардың көбі №29 орта мектепті таңдаған

Бүгінде білім ұясында 900-ге жуық оқушы білім алады. Оларға 90-ға жуық педагог сабақ береді. Оның 75 пайызы – жас мамандар. Сонымен қатар, мектепке биыл 9 жас педагог келді. Бұл Петропавл қаласы бойынша ең жоғары көрсеткіш болып саналады.

АҚМАРАЛ ИПОВА, №29 орта мектеп директорының орынбасары:
– “Жас мамандар саны былтырғыдан қарағанда өсті. Биыл 9 жас педагог келді. Олардың қатарында университет және магистратура тәмамдаған түлектер бар”.

Ал енді статистикаға сүйенсек, бүгінде өңірімізде 16 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Биыл білім беру ұйымдарына 450 жас ұстаз келген. Бірақ өңірге әлі 206 маман қажет. Ең көп сұраныс математика пәні мұғалімдеріне болып отыр.

Улан Ыдырыс