Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында тұратын Баян Жұмабекова – облыстық ветеринария басқармасының бас маманы. Ол таңмен таласа тұрады. Күнде күн шуағы көрінгенде жаттығу жасап, отбасының қамын реттеген соң жұмысқа дайындалады. Қызметке шығар алдында гүлдеріне де көңіл бөледі. Өйткені, өсімдік күтімі – оның бос уақытындағы сүйікті ісінің бірі.
– “Үнемі аулаға шығып, гүлдеріме көңіл бөлуге тырысамын. Хош иісті өсімдік өсірген ұнайды, көңіл-күйің көтеріледі. Мысалы, кеше ғана кішкентай болып тұрған гүлдің бүгін жайқалып тұрғанын көрудің өзі ерекше қуаныш сыйлайды. Бақыт деген не? Осы сұраққа жиі қойылады. Меніңше, бақыт – таңертең жұмысқа қуана асығу. Өйткені, ол жерде жайлы орта, үнемі қауышатын адамдар бар”.
Баян Жұмабекова жұмыс орнына келген соң әріптестерімен амандасып, күн тәртібіне кіріседі. Ол облыстық ветеринария басқармасында 14 жылдан бері еңбек етіп келеді. Сала жауапты. Мұнда мемлекеттік қызметші атқарылған істі саралап, алдағы міндеттерді пысықтайды. Құжаттарды қабылдау, төлемдерді өтеуге қатысты материалдарды тексеру, ветеринариялық анықтамалардың жүргізілуін бақылау. Бұларға да Баян Мұратқызы жауапты.
БАЯН ЖҰМАБЕКОВА, СҚО ветеринария басқармасы ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар бөлімінің бас маманы:
– “Бастапқыда мұғалім болғым келген. Бірақ анам педагогикаға барғанымды қаламады. Екінші таңдауым – ветеринария болды. Жолдасым да мал дәрігері болып жұмыс істеді. Ауылда тұрған кезімізде осы мамандыққа жақын болдым. Сөйтіп, ветеринария саласын таңдадым. Кейін қалаға көштік. Осы басқармаға маман керек екенін біліп, жұмысқа орналастым”.
«Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген бар. Бұл сала жоғары білімді, асқан тиянақтылықты талап етеді. Адамдар өзгерістерден хабардар болу керек. Сол үшін Баян Жұмабекова сынды мамандар аянбай еңбек етіп жүр.
БАЯН ЖҰМАБЕКОВА, СҚО ветеринария басқармасы ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар бөлімінің бас маманы:
– “Біздің толық ақпараттық базамыз бар. Сонымен қатар мамандарға консультация береміз. Аудандарға, елді мекендерге іссапармен барған кезде де міндетті түрде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Тұрғындардан жануарларды ұстау және күтіп-бағу талаптарына қатысты көптеген өтініш түседі. Біз халықпен тікелей жұмыс істейміз. Сонымен қатар, ветеринария саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер бойынша да кеңес береміз, жаңа талаптарды түсіндіреміз”.
Баян Жұмабекованы әріптестері азаматшаны өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, жұмысын жетік меңгерген маман ретінде бағалайды. Айтуларынша, ол әр тапсырманы тиянақты орындайды. Қажет кезде тәжірибесімен бөлісіп, жастарға қолдау көрсетуден де тартынбайды.
БІРЖАН ЖҰМАЖАН, СҚО ветеринария басқармасы ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар бөлімінің маманы:
– “Баян Жұмабекованы бұрыннан танимын. Содан бері білемін. Ол – өз кәсібін терең меңгерген, тәжірибесі мол, жауапкершілігі жоғары маман. Қандай жұмыс тапсырылса да сапалы әрі тиянақты орындайды. Жастарға да әрдайым көмектесіп, білмегенімізді үйретіп, ақыл-кеңесін береді”.
Жұмыстан тыс кезде Баян Жұмабекова уақытын отбасымен өткізгенді ұнатады. Анасымен және немерелерімен бірге ауладағы гүлдерге қарайды. Қысқа түрлі тосап пен тұздалған тағамдар әзірлейді. Табиғат аясына шығып, серуендеу мен балық аулаған да ұнайды. Ара-тұра демалыстың ерекше түрлерінен қаймықпайды. Мысалы, азаматша парашютпен де секіріп көріпті.
Жансая Дербисова