НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ: тілші:
– “Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицей ұжымы қара шаңырақ қабырғасында еңбек етіп, зейнетке шыққан мұғалімдерге құрметпен қарайды. Білім ұясында “Ардагер ұстаздар аллеясы” да бар. Шағын ғана демалыс орны 2021 жылы ашылыпты. Мұндағы жасыл желек саны жыл сайын артады. Мәселен, төңірекке 10-нан астам көшем отырғызылмақ”.
Игі бастама “Әдістемелік орталықтың” бастамасымен ұйымдастырылды. Мектеп ұжымы шараға ардагер ұстаздарды арнайы шақырған. Бұл игі іс – еңбек жолын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жандарға деген құрметтің көрінісі. Жайқалып өскен әр жасыл желек ардагерлердің еңбегін еске алып, кейінгі ұрпаққа жеткізеді. Сондықтан егілген көшеттер білім ұясының ұл-қыздарына аманат.
БИКЕШ ҚАСЕНОВА, М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің директоры:
– “Мектептің аумағы кең. Жылына шамамен 80 көшет отырғызамыз”. “Осы сияқты шаралар арқылы жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді сіңіргіміз келеді”.
Шара барысында ардагер ұстаздарға мектептің жоғары сынып оқушылары көмектесті. Білім саласының майталмандары ұл-қыздарға өмірлік ақыл-кеңестер айтты. Бұл шараның басты мақсаты да осы. Роза Нұртазина білім саласында 40 жылдан астам еңбек еткен. Жуырда еңбек демалысына шыққан. Қазір үйдегі немерелерін бар жақсыға баулып жүр.
РОЗА НҰРТАЗИНА, ардагер ұстаз:
– “Таза Қазақстан” акциясына қатысып, елдің дамуына үлесімді қосып жүргеніме қуаныштымын. Бүгінгі еккен ағаштарымыз өсіп, аумақ шыршалы орманға айналарына сенімім мол. Мектепке жиі кеп тұрамын”.
Шара “Таза Қазақстан” акциясы аясында өңірдегі барлық мектептерде ұйымдастырылды. Бұл күні барлығы 2 мыңға жуық көшет отырғызылмақ. Қазақта “Артыңнан мал қалғанша, тал қалсын”, “1 тал кессең, 10 тал ек” деген керемет сөздер бар. Ата-бабаларымыз өздерін табиғаттың бір бөлігі санаған. Сондықтан бұл үрдісті жалғастыру – өскелең ұрпақтың басты міндеті.
Нурасыл Ахмет