Демалыс күндері Петропавлда қазақ күресінен 2013-2014 жылы туған жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты өтті. Жарысқа аудандық және қалалық іріктеуден іркілмей өткен 100-ге жуық спортшы қатысты. Барлығы жеңістен үмітті. Сайыстың ашылу салтанатына келген спорт ардагерлері мен дүбірлі додаларда атой салған спортшылар ізбасарларын жігерлендіріп, сәттілік тіледі.
АСЫЛХАН БУЛАТОВ, жарыстың бас төрешісі:
– “Кеше тіркелу күні болды. Жарыс 10 салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Спортшылардың салмағы 65 келіден асса Түйе палуан болып есептеледі”.
Қазір 32 келіге дейінгі жас палуандардың сайысы өтуде. Әр қатысушы жарысқа тыңғылықты дайындалып келгені көрініп тұр. Көбі қарсыласының тепе-теңдігін бұзып, шалт қимыл жасап, таза жеңіске жетуде.
Бозкілемде петропавлдық Жан Әділбекұлы мен аққайыңдық Насрулох Валиев. Қос палуан бір-бірін жақсы таниды. Бұған дейін 2 мәрте кездескен: жеке есеп – 1 де 1. Кездесу өте қарқынды басталды. Бірақ, нәтижелі әдіс жасау мүмкін болмады. Тек соңына таман қызыл берендегі палуан қарсыласының қателігін ұтымды пайдаланып, жеңісті жұлып алды.
ЖАН ӘДІЛБЕКҰЛЫ, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:
– “Қазақ күресімен айналысып жүргеніме 3 жылдан асты. Чемпионатқа ұзақ уақыт дайындалдық. Осы жолғы кездесу қиынға соқпады”.
Жарыс қорытындысына келсек, жалпыкомандалық есепте петропавлдықтар топ жарды. Облыстық чемпионатта атой салған палуандар өңір намысын қазан айында Алматыда өтетін ел біріншілігінде қорғайды.
Нурасыл Ахмет