Қоғам

Облыстың бас имамы ауысты

Солтүстік Қазақстан облысына жаңа бас имам тағайындалды. Бұл қызметке Аян Алыпқаш келді. Ол – Алматы қаласындағы “Нұр-Мүбәрак” университетінің түлегі. Кейін оқуын Түркияда жалғастырған. 2012 жылдан бері “Қызылжар” облыстық орталық мешітінде наиб имам қызметін атқарды. Алда атқарар маңызды жұмыстар тұр.

АЯН АЛЫПҚАШ, “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы:
– “Діни басқармадан бекітілген жылдық жоспарымыз бар. Сол жоспар аясындағы барлық жұмысты атқаруға тырысамыз. Облыстағы аудан, қала және ауыл мешіттерінің жұмысын жіті қадағалаймыз. Алдағы қысқы кезеңге де дайындық жүргіземіз. Сонымен қатар, мешіттердегі сауат ашу курстарының жұмысына, мешіттердің ішкі-сыртқы тазалығына және дін қызметкерлерінің біліміне басымдық береміз”.

Бұған дейін облыстың бас имамы қызметін Хамзат Әділбеков атқарды. Ол 5 жыл көлемінде діни-ағартушылық бағыттағы жұмыстарға, жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Енді имам еңбек жолын Астанада жалғастырады.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бұрынғы имамы:
– “Баршаңызбен етене араласып, бірге қызмет жасадық. Сіздермен әр салада, әр деңгейдегі жиындарда бірге болдық. Көп нәрсе үйрендік. Сол үшін сіздерге алғысым шексіз”.

Мешіт ұжымы мен жамағат Хамзат Әділбековке алғыс білдіріп, шығарып салды. Ал жаңа бас имам Аян Алыпқашқа сәттілік тіледі.

Жансая Дербисова