НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл мен Қызылжар ауданында салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты. Маңызды істердің қарқынын бақылады, жауаптыларға нысандарды белгіленген мерзімде аяқтап, сапасына ерекше мән беруді тапсырды.
Петропавлдағы “Қопай” шағын ауданы уақыт өткен сайын қарыштап дамып келеді. Жуырда мұнда қос көппәтерлі баспана қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін тағы 4-еуінде құрылыс жұмыстары аяқталады. Үйлердің барлығын қоса алғанда 400-ге жуық пәтер бар.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– “Үйлердің аумағы толығымен асфальтталады. Демалыс орындары мен ойын алаңдарын саламыз. Алдағы уақытта бұл баспаналар әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен кезекте тұрған жандарға беріледі. Пәтерлердің 1 шаршы метрі – 230 мың теңге. Айта кету керек, облыста жыл басынан бері 713 пәтерлік 8 көпқабатты тұрғын қолданысқа тапсырылды”.
Келер жылдың соңында “Қопай” шағын ауданында облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы бой көтереді. Жоба құны 6 млрд теңгеге жуықтайды. Нысан 4 қабатты болады. Қазіргі уақытта құрылыс аумағын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобамен танысқан облыс әкімі жауаптыларға маңызды істі сапалы атқаруды тапсырды.
ҚОСЫМ АҢСАТБАЕВ, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
– “Станция 3 корпустан тұрады. Кешенде 20 көлікке арналған орын, оқыту орталығы және өндірістік ғимарат болады. Құрылыс жұмыстарымен жергілікті серіктестік айналысады. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін жылына 100 мың шақыртуға шыға алады. Айта кету керек, қазіргі станцияның салынғанына 120 жылдан асқан.
Қазіргі таңда Крепостной мен Назарбаев көшелерінің қиылысында 180 пәтерлі көпқабатты үй бой көтеруде. Ғимарат 9 қабатты. Құрылыс жұмыстарымен жергілікті “Основание” серіктігі айналысуда.
Бүгінде Петропавлда 280 орындық балабақша салынуда. Маңызды іс биыл мамырда басталған. Жоба құны – 3 млрд теңге. Құрылысы барысымен танысқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов кейбір олқылықтарды байқап, жауаптыларға тез арада орнын толтыруды тапсырды. Айта кету керек, мұндағы маңызды іс 90 пайызға тәмам.
ҚОСЫМ АҢСАТБАЕВ, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
– “Қазір нысанда ішкі және әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балабақшаның аумағы – 3100 шаршы метр. Құрылыс жұмыстары қатаң бақылауда. Қазан айында қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз”.
“Жас өркен” ықшам ауданында 72 пәтерлік көпқабатты баспана салынып жатыр. Мұнда бір бөлмелі – 3-еу, екі бөлмелі – 33 және үш бөлмелі 36 пәтер қарастырылған.
Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылын орталық жолмен байланыстыратын жол өткелі қайта жаңғыртылуда. Жобаның елді мекен тұрғындары үшін маңызы зор. Себебі, су тасқыны болған кезде мұндағы халық аралда қалды. Құрылыс жұмыстарымен облыс әкімі танысты. Жауаптыларға бірқатар тапсырма берді. Жоба құны 4 млрд теңгеден асып жығылады.
МҰРАТ ХАРСИЕВ, “Құрылыс-Сервис-СК” ЖШС директоры:
-“Көпірдің құрылысы былтыр желтоқсанда басталды. Қазір бетондау жұмыстарын толық аяқтадық. Енді нысанды монтаждап, жер төсемін дайындаймыз. Қарқын жаман емес. Маңызды істі 2027 жылдың соңында аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Бұл – Бескөл ауылында салынып жатқан емхана. Медициналық нысан күніне 250 адамды қабылдауға қауқарлы. Мекемені қазан айында қолданысқа беру жоспарлануда. Алдағы уақытта мұнда заманауи медициналық қондырғылар әкелінеді. Ғимараттың құрылысымен танысқан Ғауез Торсанұлы жауапты серіктестікке нысанды уақытында өткізуді, сапасына баса мән беруді тапсырды.