АРУЖАН СҰЛТАНОВА, тілші:
– “Мұнда жақында ғана қарапайым аула болатын. Ал қазір бұл жер демалып, уақытты белсенді өткізуге арналған жайлы орынға айналып келеді. Ең бастысы, ауланың қандай болатынын тұрғындардың өздері шешті”.
Бұл – Интернационал көшесі, 2 мекенжайы. Аулада әдеттегіден адам көп, аумақ безендірілген, төңіректен палау мен кәуаптың иісі шығады. Бұлай думан ұйымдастырудың өзіндік себебі бар. Үйдің алдында жаңа балалар ойын алаңы, орындықтар мен самалжай салынды. Осы жайтты бірлігі бекем жерлестеріміз атап өтуде.
Мұндай аула кішкентай балаларға да, ересектерге де қажет. Үлкендер үшін спорттық бұрыш қарастырылған. Белтемірде күн сайын тартылатын адам сергек жүреді. Айта кету қажет, аула мемлекеттік бағдарлама аясында салынды.
АСҚАР СЕКСЕНОВ, “Черемушки” ПИК төрағасы:
– “Былтыр қаңтар айында “Халық қатысатын бюджет” бағдарламасы бойынша конкурсқа қатысуға өтінім бердік. Ұсынысымыз қолдау тапты. Сосын біз ауланың қалай болатынын жоба түрінде әзірледік. Яғни, мына жұмыстың орындалуына тікелей қатыстық. Ал биыл “Strong Service” серіктестігі қалалық әкімдіктің қолдауымен осындай әдемі алаң салды. Әкімдікке алғысымызды білдіреміз”.
Петропавлда аулаларды түрлендіру жұмысы жалғасады. “Халық қатысатын бюджет” бағдарламасы бойынша алдағы айда 20 аула абаттандырылады.
Аружан Султанова