Мүмкіндігі шектеулі жандарға кезекті мәрте құқықтық көмек көрсетілді. Петропавлда орналасқан “Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалында аса маңызды ақпараттық шара ұйымдастырылды. Бұл жолы бірлестіктің табалдырығын бір саланың, алайда әртүрлі бағытта еңбек етіп жүрген мамандар аттады.
ЕСТАЙ РАШҚАЛИЕВ, СҚО әділет департаментінің басшысы:
– “Адвокаттармен, нотариустармен, жеке сот орындаушыларымен бірлесіп, акция ұйымдастырылып отыр. Кеңестер тегін беріледі. Жаңа Ата заңымыз қабылданды. Осы жайлы айтамыз. Түйінді мәселелер талқыланады”.
Талқылайтын, шешуді қажет ететін мәселелер жеткілікті. Зағип және көру қабілеті нашар жандарға жүріп-тұру, мекемелерді аралау өте қиын. Сол себепті, кембағал азаматтар бүгінгідей мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысады. Жүгінушілердің бірі қызының құжаттарына қатысты сұрақпен жүгінді. Бұған дейін бірнеше жерде болыпты. Алайда, мардымды жауап ала алмаған.
АЙГҮЛ ҚАЛИАСҚАРОВА, СҚО әділет департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы:
– “Бұл кісі eOtinish арқылы өтініш жазу керек. Солай нақты жауап алады. Бұл мәселе Әділет департаменті арқылы шешіледі”.
Кездесу барысында адвокаттың, нотариустың көмегіне жүгінгендер көп болды. Назиқа Балсейітова – білікті маман. Ол және оның әріптестері мүмкіндігі шектеулі адамдарға тегін көмек көрсетеді екен.
НАЗИҚА БАЛСЕЙІТОВА, нотариус:
– “Мұнда нотариустарды жиі шақырып тұрады. Көбіне сенімхат туралы сұрайды. Мұрагерлік туралы біледі”.
Құқықтық кеңес беру шарасы 1 сағаттан аса өтті. 20-ға жуық адам мамандармен тілдесіп, өздеріне қажет ақпарат алды. Жүгінген жерлестеріміздің алғысы шексіз.
ШАНШАР ЖЕКЕЕВ, “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ құрметті мүшесі:
– “Ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз. Өте қажет бастама. Өзіміздің ғимаратта өтіп отыр. Бұл жерге келіп-кетіп үйрендік, бізге осында көмек алған жеңіл”.
Айта кету қажет, қазіргі таңда өңірде 600-ге тарта зағип және көру қабілеті нашар адам тұрады. Петропавлдағы жерлестеріміз қоғамдық бірлестікте жай ғана тіркеліп тұрған жоқ. Олар мұнда шығармашылықпен айналысады, спорттық сайыстарға қатысады және толғандырған мәселелерін талқылайды.
Байболат Култанов