Қоғам

“Құқықтық дәріхана”: 3 мыңнан астам азамат құқықтық көмек алды

Әлеуметтік төлем ала алмай жүрген петропавлдық азамат мәселемен прокурорларға жүгінді. Өтініш берушіге тиісті төлем алу тәртібі түсіндіріліп, дұрыс рәсімдеу бойынша көмек көрсетілді. Қадағалау органының өкілдері облыс орталығында кезекті “Құқықтық дәріхана” іс-шарасын өткізді. Бұл жолы жүзден астам адам келді. Азаматтар еңбек және әлеуметтік құқықтар, жер және тұрғын үй қатынастары, атқарушылық іс жүргізу, отбасылық заңнама, мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібіне қатысты мәселелер бойынша кеңес алды. Прокурорлар қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіріп қана қоймай, мәселені шешу жолдарын көрсетті. Қосымша қарауды талап ететін өтініштерге ерекше назар аударылды. Жекелеген мәселелер бақылауға алынып, азаматтарға уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті және өз құқықтарын қорғау тәртібі түсіндірілді. Жалпы, “Құқықтық дәріхана” акциясы тұрғындардың құқығын қорғап, толғандырған мәселелерін шешуге арналған алаңға айналып отыр. Жыл басынан бері барлығы – 3 мыңнан астам солтүстікқазақстандық құқықтық көмек алыпты. Еске сала кетейік, акция халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңнама нормаларын жедел түсіндіруге, сондай-ақ азаматтарға өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда көмек көрсетуге бағытталған.

Жаннур Бектурганова