Жыл басынан бері облыстық кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен 83 өтініш түскен. Оның тең жартысы іскер жандардың пайдасына шешіліпті. Нәтижесінде кәсіпкерлердің 180 млн теңгеден астам мүліктік құқығы қорғалған.
ЖЕҢІС ҚАЗИЕВ, СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
– “Өтініштердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына қатысты. Кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу, салық, бухгалтерлік есеп және субсидиялау бойынша мәселелерді жиі көтереді. Іскер жандардың құқықтарын қорғауда прокуратура және экономикалық тергеп-тексеру басқармасымен бірлесе жұмыс істейміз. Биыл қадағалау органының қатысуымен бизнес өкілдерінің жеті мәселесі шешімін тапты.
Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерінің құқықтық сауатын арттыруға да ерекше көңіл бөлуде. Жыл басынан бері іскер жандарға арналған 8 оқыту вебинары өтті. Онда кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алу, еңбек қатынастары және банкроттық рәсімдер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
ЖЕҢІС ҚАЗИЕВ, СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
– Кәсіпкерлер палатасының өкілдері консультативтік-кеңесші органның жұмысына да белсенді қатысады. Олардың қатарында Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес, облыстық жер комиссиясы және тариф белгілеу жөніндегі комиссия бар. Жыл басынан аталған құрылымдардың 179 отырысына қатыстық. Маңызды шараларда 300-ге жуық өзекті мәселе қаралды.
Жеңіс Қазиевтің сөзінше, солтүстікқазақстандық бизнес өкілдері тап болған кейбір қиындықтарды жергілікті деңгейде шешу мүмкін емес. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы республикалық деңгейдегі органдарға 73 өтініш жіберген.
Нурасыл Ахмет