Қоғам

«Атамекен» бизнес пен университеттер серіктестігін күшейтуді ұсынды

Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне сәйкес, 2030 жылға қарай негізгі дағдылардың 39%-ы өзгереді немесе өзектілігін жоғалтады. Бұл ретте бакалавриат бағдарламаларында оқу орта есеппен төрт жылға созылады. Сондықтан білім беру бағдарламалары іргелі даярлықтың маңызын сақтай отырып, еңбек нарығындағы өзгерістерге тезірек бейімделуі қажет. «Атамекен» ҰКП-ның 2025 жылғы білім беру бағдарламалары рейтингі 95 173 түлек пен 2 031 білім беру бағдарламасын қамтыды. Түлектердің жалпы жұмысқа орналасу көрсеткіші 84%, тұрақты жұмыспен қамтылу деңгейі – 68%, ал медианалық жалақы 203 398 теңгені құрады.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамына сәйкес, 2026-2035 жылдары Қазақстанда кадрларға жиынтық сұраныс 2,91 млн қызметкерді құрайды. Оның 1,46 миллионы – экономикалық өсімге, жаңа функциялар мен өндірістік қуаттардың қалыптасуына байланысты жаңа сұраныс болса, тағы 1,45 миллионы – қолданыстағы кадрлардың орнын толтыруы қажет. «Атамекен» ҰКП ұсынған модель: сұранысқа ие дағдыларды анықтау, білім беру бағдарламаларын жаңарту, практикадан өту және нақты жобалармен жұмыс істеу, түлекті жұмысқа орналастыру және алынған нәтижелер негізінде бағдарламаларды одан әрі жетілдіру сынды бес кезеңді қамтиды.

Азамат Бейсенбенов – «Атамекен» ҚР ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің директоры:

– «Бүгінде бизнес дайын кадрларды тұтынушы ғана емес, оларды даярлау үдерісінің бірлескен авторы болуы керек. Біз дағдыларға деген сұранысты анықтаудан және білім беру бағдарламаларын жаңартудан бастап, тәжірибеден өтуге, жұмысқа орналасуға және алынған нәтижелер туралы деректерді білім беру үдерісіне қайта енгізуге дейінгі тұрақты кері байланыс жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Білім беру жүйесінде берілетін білім мен жұмыс беруші талап ететін дағдылар арасындағы алшақтықты осылайша қысқартуға болады».

 

Данаш Хамза