Қоғам

Аға буын өкілдері ауыр қайғыға ортақтасты

Бүгін еліміз үшін қаралы күн. Маңғыстау облысында арнайы оқу-жаттығу жиыны кезінде Каспий теңізінде қайтыс болған сарбаздар жайлы хабар қалың елдің қабырғасын қайыстырғаны анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 25 қыркүйек елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Осы ретте ел басына түскен ауыр жағдайға байланысты өңіріміздің аға буын өкілдері де қайғыра көңіл айтуда.

МҰХАМЕДИЯР ШАЯХИН, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:
– “Бәріміз естіп жатырмыз. Маңғыстау облысында Каспий теңізінде оқу-жаттығу жиынында жүрген азаматтарымыз қайғылы жағдайға ұшырады. Көпшілігі мерт болды. Ауруханада жатқан жігіттер бар. Мен Қызылжар өңірінің және де аға буын өкілдерінің атынан марқұмдардың отбасына, ағайын-туыстарына қайғырып көңіл айтамын”.

Аға буын өкілдерінің сөзінше, мұндай қайғылы жағдайлардың қайталанбауы үшін оқу-жаттығу кезіндегі қауіпсіздік шараларын күшейтіп, әскери қызметшілердің өміріне төнетін қатердің алдын алу аса маңызды.

МҰХАМЕДИЯР ШАЯХИН, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:
– “Бұл біздің елде ғана орын алып жатқан жағдай емес. Әрине, қарумен араласқан жерде қауіп болады. Бірақ сонда да абай болу қажет. Менің ойымша, әскери басшылық және жауапты мамандар өзара ақылдасып, осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін нақты шаралар қабылдағаны дұрыс”.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға кезінде 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен болатын. Оның 14-і қаза тауып, қалған 3-еуі құтқарылды. Оларға медициналық көмек көрсетілуде. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, 2 қылмыстық іс қозғалды.

Улан Ыдырыс