Елдегі, өңірдегі өзекті мәселенің бірі – интернет-алаяқтар мен жол қауіпсіздігі. Осы түйткілдердің алдын алу үшін облыс орталығында тәртіп сақшылары Жастар ресурстық орталығының өкілдерімен бірігіп, ауқымды профилактикалық шара ұйымдастырды. Іс-шара 2 бірдей акция аясында өтті.
Жыл басынан бері облыста 342 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 28 адам қаза тапты, 500-ге жуығы жарақат алды. Мұндай оқыс оқиғаны азайту үшін полицейлер “Қауіпсіздік коды” деп аталатын республикалық акция өткізіп отыр. Инспекторлар көлік тізгіндегендерге сұрақтар қойып, шағын викторина ұйымдастырды. Сауалдар жол жүру ережесіне және отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты құрастырылған. Сұрақтарға дұрыс жауап бергендерге арнайы жапсырмасы бар бөтелкедегі су мен естелік сыйлықтар таратылды.
МАХАББАТ ШАЙКЕНОВА, СҚО ПД ҚҚБ отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі аға инспекторы:
– “Акцияның басты мақсаты – азаматтарға өз құқықтарын білу қажеттігін еске салу, зорлық-зомбылық фактілеріне бейжай қарамауға және дер кезінде көмекке жүгінуге шақыру”.
Ақпараттық науқанның екінші бөлігі киберқылмыстың алдын алуға бағытталған. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол бойында тоқтатып, интернет-алаяқтардан қорғану жолдары жайлы сұрақтар қойды.
МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
– “Соңғы уақытта алаяқтықтың жаңа тәсілі таралуда: алаяқтар eGov қызметкері болып хабарласып, цифрлық қолтаңбаны ұзарту үшін деген сылтаумен телефон пернетақтасынан белгілі бір цифрларды басуды сұрайды. Осыдан кейін WhatsApp мессенджері арқылы байланысқа шығып, азаматтың атына несие рәсімделіп жатқанын айтады, жаттанды сөздермен қорқытады. Полиция ескертуін есте сақтаңыздар! eGov пен басқа да қызмет өкілдері банк құпиясы мен кредит туралы ақпаратты талап ете алмайды, сондықтан сақ болу қажет”.
Жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтың 400-ден астам дерегі тіркелді. Тұрғындарға келтірілген шығын 1 млрд теңгеден асып жығылады. Дегенмен, атқарылған түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде көрсеткіш алдыңғы жылдан 30%-ға азайған. Тәртіп сақшылары мұндай профилактикалық шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын айтады.
Жаннур Бектурганова