Қоғам

Петропавлда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
– “Еңбек күні қарсаңында Оқушылар сарайында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 30-дан астам кәсіпорын қатысты. Олар 1800-ге жуық тұрақты жұмыс орнын ұсынды. Көріп тұрғандарыңыздай, екі қолға бір күрек іздеп жүрген жандар жетерлік”.

АЙНҰР ЖҰМАБЕКОВА, Еңбек мобильділігі орталығының бөлім басшысы:
– “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша нарықта көптеген бос жұмыс орны бар. Enbek.Kz порталында қазіргі күні 4 мыңнан астам вакансия бар. Бүгінгі іс-шараға 2 мыңнан астам жұмыс іздеуші шақырдық”.

Өндіріс, көлік, бизнес, коммуналдық салаға және мемлекеттік қызметке мамандар ауадай керек. Жұмыс іздеген жандарды жалақы көлемі қызықтыратыны сөзсіз. Мұнда айлық табыс 120 мыңнан басталып, 600 мың теңгеге дейін жетеді. Ең бастысы – еңбек ету қажет. Жәрмеңкенің өзіндік артықшылығы бар. Адамдар осы жерде мамандардан кеңес алып, өзіне лайықты жұмысқа өтінім бере алады.

АНТОН РЕДЬКИН, қала тұрғыны:
– “Мамандығым бойынша технолог-аспазбын. Өндіріс орнында жұмыс істегім келеді. Әзірге вакансия таппадым. Мен үшін ең бастысы – жалақы. Демалыссыз еңбек етуге дайынмын. Жұмыс талғамаймын. Бұған дейін аспаз болып 1 жыл істедім. Алдағы уақытта көңілімінен шығатын қызмет орнын табамын деген ойдамын”.

Бүгінгі жәрмеңкеде “RW Constructor” серіктестігі де өз вакансияларын ұсынды. Зауыт вагон шығарады. Кәсіпорында жобалаудан бастап, өнімді өңдеуге дейінгі толық цикл қарастырылған. Мамандар керек.

АНАСТАСИЯ НОВОЖИЛОВА, “RW Constructor” ЖШС персоналды іріктеу жөніндегі маманы:
– “Біздің өнімдеріміз барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Қазіргі таңда осы бағыттағы өнім шығаратын санаулы кәсіпорындардың біріміз. Бізге слесарь-монтаждаушылар, автогрейдер машинистері, жүк көлігінің жүргізушілері қажет. Сонымен қатар, дәнекерлеушілер, вагон құрастырушылар, жабдық жөндеу бойынша слесарьлар және слесарь-сантехниктер керек. Мысалы, слесарь-монтаждаушылардың жалақысы 150 мың теңгеден басталады. Еңбек кестесі – бес күн жұмыс, екі күн демалыс”.

Сандарды сөйлетсек, қазіргі күні теріскейде 5 мыңнан астам азамат екі қолға бір күрек таппай жүр. Осы ретте биыл Еңбек мобильділігі орталығының мамандары 130-дан аса жәрмеңке ұйымдастырған. Нәтижесінде 773 азамат тұрақты жұмысқа орналасты.

Улан Ыдырыс