Қоғам

Облыстық әкімдікте жылыту маусымына дайындық пен денсаулық сақтау мәселелері талқыланды

Жылыту маусымының басталуына да санаулы күндер қалды. Бұл бағыттағы жұмыстар тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да қарқынды жүргізіліп жатыр. Басты назар – жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен нысандардың әзірлігіне аударылған.

ӘЛІШЕР БЕСПАЕВ, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жетекшісі:
– “Петропавл ЖЭО-да алты қазандық пен алты турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізілді. Жоспардағы 3,5 шақырымның орнына 5,2 шақырым жылу желілері тартылды. Сондай-ақ, 1273 шақырым электр желісі жаңартылып, 206 қосалқы станцияда тиісті жұмыстар атқарылды. Биыл өңір аудандарындағы қазандықтарды дайындауға 18 млн 819 мың теңге бөлінді. Айыртау және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда екі жаңа орталық қазандық іске қосылып, 8 қазандық жөнделді, 6 жаңа қазандық сатып алынды және 1,5 шақырым жылу желісі қалпына келтірілді. Айта кетейік, бұрыннан жұмыс істеп тұрған ескі қазандықтар да толық дайындалып, резерв ретінде сақталуда. Ал Петропавл қаласындағы барлық жөндеу жұмыстары осы аптаның соңына дейін толық аяқталады”.

Өңірде жылу біртіндеп, кезең-кезеңімен беріледі. Мәселен, 25 қыркүйекте Есіл ауданына, кейін Ғ. Мүсірепов ауданына беріледі. Қыркүйектің 28-інен бастап Петропавл, Жамбыл және Мамлют аудандары жылумен қамтыла бастайды. Қалған аудандардың тұрғындарына қазанның 1-іне дейін толық беріледі деп уәде етіліп отыр. Жиында коммуналдық мәселелермен қатар, денсаулық саласы да назардан тыс қалған жоқ. Мамандарды даярлау, аурулардың алдын алу және емханаларды қажетті дәрі-дәрмекпен қамту мәселелері де сөз болды.

СӘКЕН ӘМРИН, СҚО денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі:
– “2026 жылдың бірінші жартыжылдығында медицина ұйымдарын дәрігерлік кадрлармен қамтуда оң динамика байқалады. Мәселен, көрсеткіш әр 10 мың тұрғынға шаққанда 26,7-ден 27,1-ге дейін өсті. Саланың кадрлық әлеуетін арттыру мақсатында жыл басынан бері облысқа медициналық жоғары оқу орындарының 118 түлегі келіп қосылды, оның 54-і биыл ғана оқу бітірген жас маман. Сонымен қатар, биылғы 8 айда тұрғындардың 68 пайызы, әсіресе балалар мен жасөспірімдер профилактикалық тексеруден өтті. Биылғы басты бағыттың бірі – алдын алу шараларын күшейту. Осы мақсатта ми-қан айналымы бұзылуының қатерлі факторларын ерте сатыда анықтайтын жаңа скрининг түрі енгізілді. Бұл дерттің алдын алып, уақытылы ем жасауға зор мүмкіндік береді”.

Балалардың қауіпсіздігі – қатаң бақылауды қажет ететін тақырып. Солтүстік Қазақстан облысында мамандар 612 нысанды тексеріп, олардағы вакцинация мен туберкулездің алдын алу шараларын бағалады. Тексеру қорытындысы бойынша 98 ұйғарым беріліп, оның 33-і қазірдің өзінде орындалды. Алайда, кейбір көрсеткіштер бойынша профилактикалық екпелермен қамту деңгейінің төмендегені байқалады. Енді бұл олқылықтың себептері мұқият зерттеліп, медицина ұйымдары мен ата-аналар арасындағы түсіндіру жұмыстары күшейтілмек. Сондай-ақ, жиында дәрі-дәрмек қоры жеке қаралды. Бүгінде облыстағы 41 медициналық ұйым қажетті препараттармен қамтылуда. Стационарлар үшін 10,5 млрд теңгеден астам сомаға 667 түрлі дәріге тапсырыс беріліп, қыркүйектің ортасына дейін 7,6 млрд теңгенің өнімі жеткізілді. Ал амбулаториялық ем қабылдайтын науқастарға арналған 14 млрд теңгелік дәрі-дәрмектің 9,7 млрд теңгесі тиісті жеріне жөнелтілді. Өңірдегі денсаулық сақтау саласының ауқымды жетістіктері мен алға қойған міндеттеріне облыс әкімі ерекше тоқталды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Соңғы жылдары саланың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайды. Қаржы көлемі 2024 жылғы 83 млрд 100 млн теңгеден, 2026 жылы 93 млрд 200 млн теңгеге дейін, яғни 12,2 пайызға өсті. Материалдық базаны жаңғыртуға бөлінген қаржы 2025 жылы екі еседен астамға артып, 11 млрд 200 млн теңгені құрады. Ауылдық денсаулық сақтауды дамыту аясында өңірде 46 жаңа медициналық нысан бой көтерді. Сонымен қатар, диагностикалық мүмкіндіктеріміз де едәуір кеңейді: қазір аймақта 4 МРТ, 13 КТ аппараты, 5 ангиограф, 20 цифрлық маммограф және сараптамалық кластағы 43 УДЗ қондырғысы сәтті жұмыс істеп тұр. Ең бастысы, жоғары технологиялық медициналық көмек қолжетімді бола түсті. Бұрын жергілікті тұрғындар басқа қалаларға баруға мәжбүр болса, бүгінде біздің дәрігерлеріміз ең күрделі операцияларды өз өңірімізде жасауда. Әсіресе, кардиология мен онкология саласында оң нәтижелеріміз өте жоғары”.

Алдағы уақытта да өңір медицинасы бірнеше бағыт бойынша кешенді түрде дами бермек. Басты назар кадр тапшылығын шешуге, көрсетілетін қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталмақ. Ал халық игілігі үшін сатып алынған заманауи қымбат жабдықтар бос тұрмай, әрбір тұрғынға максималды түрде тиімді қызмет етуі тиіс.