Спорт

“Қуаныш” волейбол клубы жаңа маусымға дайын

“Қуаныш” волейбол клубы дәстүрлі маусым алдында арнайы пресс-конференция өткізді. Оның барысында ерлер және әйелдер құрамаларының бас бапкерлері мен команда капитандары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Саим Паккан – бұрымдыларды баптайтын жаттықтырушы. Биыл жаңадан келген түрік маманының айтуынша, ұжым жаңа маусымға сақадай сай.

САИМ ПАККАН, “Қуаныш” әйелдер волейбол клубының бас бапкері:
– “Биылғы маусымда жоғары нәтиже көрсетуіміз қажет. Біздің командада жас және тәжірибелі ойыншылар бар. Бұдан бөлек үш легионер өнер көрсетеді. Сондықтан маусымды сәтті өткізуге бар күшімізді саламыз. Өзіме басында өте қиын болды. Командада ешқайсысы ағылшын тілін білмеді. Сөйлесу үшін аударма қосымшасын көп пайдаландым. Жаттығу әдісімді, не істейтінімізді сол арқылы түсіндіруге тырыстым. Ал қазір бәрі жақсы. Мен орысша үйрендім. Енді қыздармен орысша сөйлесуге тырысамын”.

Команда капитаны Сабира Бекишева да жаңа маусымға дайын екенін жеткізді. Қазіргі таңда клуб ойыншылары жаңа бапкердің талаптарына сәйкес жаттығып жатыр.

САБИРА БЕКИШЕВА, “Қуаныш” әйелдер волейбол клубының капитаны:
– “Клубқа жаңа бапкер келді. Команда жасақталды. Барлығы келер маусымға қызу дайындалып жатыр. Жаттықтырушы командаға тың бағыт пен заманауи тәсілдерді сіңіріп жатыр. Биыл чемпион болуға бар күшімізді саламыз”.

“Қуаныш” ерлер волейбол клубының бас бапкері Алексей Теренин да жаңа маусымға дайындық жайлы айтты. Команда соңғы 2 маусымда сүреңсіз ойын көрсетті. Биыл ауқымды өзгерістер орын алуда. Клуб атауына ребрендинг те жасалды.

АЛЕКСЕЙ ТЕРЕНИН, “Қуаныш” ерлер волейбол клубының бас бапкері:
– “Жазда құр отырмадық. Ауқымды жұмыстар атқардық. Жігіттер аянбай тер төкті. Командаға жаңа, білікті ойыншылар келді. Команда енді “Есіл-СК” емес “Қуаныш” деп аталады. Барлық оқу-жаттығу жиындары Петропавл қаласында өтті. Орал қаласында 3 жолдастық кездесу өткіздік. Оның екеуінде жеңіске жеттік”.

Команда капитанының сөзінше, клуб ішіндегі ахуал жақсы. Ойыншылардың көңіл-күйі керемет.

АЛЕКСАНДР СҮЛЕЙМАНОВ, “Қуаныш” ерлер волейбол клубының капитаны:
– “Қазір біз толық жасақталдық. Ойыншылар жаңа маусымға дайын. Барлығы білікті, шебер. Ең бастысы, ауызбіршілігіміз жақсы. Қойған мақсатымызға жетуге тиіспіз”.

Айта кетейік, әйелдер волейбол клубы алғашқы ойынын қазанның 3-ші және 4-і күндері Петропавлда “Қарағанды” командасына қарсы өткізеді. Ал ерлер үшін маусым қараша айында басталады.

 

 

 

 

Улан Ыдырыс