Қоғам

Cаумалкөлде облыс бойынша 9-шы “Жас сақшы” сыныбы ашылды

Саумалкөл қазақ орта мектебінде 18 оқушыны біріктірген жаңа «Жас сақшы» сыныбы жұмысын бастады. Жоба полиция, аудан әкімдігі және жергілікті кәсіпкерлердің бірлескен қолдауымен жүзеге асты.

Салтанатты рәсімге облыстық ПД бастығы Руслан Назаров, Айыртау ауданының әкімі Мейрам Меңдібаев, ардагерлер, педагогтер мен ата-аналар қатысты. Іс-шара полицияның қару-жарағы мен арнайы құралдарының көрмесінен басталып, өңірдегі ішкі істер органдарының тарихын таныстырумен жалғасты. “Жас сақшы” сыныбы үшін арнайы кабинет жабдықталған. Онда Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовқа арналған естелік бұрышы мен ақпараттық тақталар орналасқан. Жас сақшылар салтанатты түрде ант беріп, оқуда үлгілі болуға, үлкендерді құрметтеуге және салауатты өмір салтын ұстануға уәде етті.

Ант қабылдау рәсімінен кейін арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері жауынгерлік тәсілдерді көрсетті. Ведомство бастығы Руслан Назаровтың айтуынша, мұндай сыныптардың міндеті – жасөспірімдердің бойында ерте жастан жауапкершілік, тәртіп және ережелерді құрметтеу құндылықтарын қалыптастыру. Оқушылар қауіпсіздік негіздерін меңгеріп, өз әрекеттерінің салдарын бағалауға және қауіп-қатер кезінде дұрыс әрекет етуді үйренеді. Саумалкөлдегі сынып облыс бойынша 9-шы «Жас сақшы» сыныбы болып саналады.

Сандугаш Кайырбек