Үлкен спорттағы алғашқы қадам балабақша алаңынан басталады. Бүгін Петропавлда «Олимпик-FEST» фестивалі басталды. Оған 100-ге жуық бүлдіршін қатысуда. Екі күнге созылатын сайыста өңірдің мектепке дейінгі ұйымдарынан келген командалар ептілік пен жылдамдықтарын сынайды.
ҚАНАТ СӘДУАҚАС, СҚО білім басқармасы спорт, дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:
– “Бұл жарыс 2 кезеңнен тұрады. Біріншісі – балабақша тәрбиеленушілері арасындағы чемпиондар жарысы. Оған облыс бойынша 22 балабақша қатысып отыр. Балалар түрлі эстафеталық жарыстарда өзара бақ сынайды. Ал екінші кезеңде ата-аналар арасында дәл осындай жарыс өтеді. Оған 13 ата-ана командасы қатысады. Жалпы, фестивалге 35-ке жуық команда қатысады”.
Жарысқа кішкентай қатысушылар ойын арқылы дайындалған. Явленкадан келген 6 баланың дайындығына ұстаздары көп уақыт бөліп, түрлі жаттығулар арқылы ширатқан екен. Енді олардың басты мақсаты – ауданның атын шығарып, жеңіс тұғырынан көріну.
ДАМИР СЕКЕБАЙ, А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі:
– “Мен бұл іс-шараға мектепалды даярлық сыныбындағы оқушылармен келдім. Барлығы да 5 жастағы балалар. Осы сайысқа 2 апта бойы тынымсыз дайындалдық. Балаларымыздың бүгінгі жарыста жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіске жетуіне тілектеспін”.
Балабақша тәрбиеленушілері арасындағы жарыста қатысушылар түрлі тапсырма орындады. Сайыс барысын қазылар, төрешілер қадағалап тұрды. Осы жандар қорытынды шығаратын болады. 5 жастағы Алан үшін бұл – үлкен спорттағы алғашқы қадамдардың бірі. Командаластары – топтастары, достары. Олардың маңызын түсінеді, жеңіске жеткілері келеді.
АЛАН ЖАҚСЫЛЫҚ, қатысушы:
– “Эстафета өте қызықты өтті. Ойындардың бәрі ұнады. Әсіресе, маған туннельден өткен сайыс ұнады”.
Бүгінгі жарыста балалардың әрқайсысы өз мүмкіндігін сынап көрді. Бірі жылдамдығымен көзге түссе, енді бірі ептілігімен командасын алға сүйреді. Сайыс қорытындысы бойынша командалар марапаттарға ие болады.
Жансая Дербисова