Қоғам

Жастарды мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған кездесу

 

Қозыбаев университетінде жастарды мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған кездесу ұйымдастырылды. «Елге қызмет: жауапкершілік пен мүмкіндік» атты жиын қара шаңырақ қабырғасында жылда өтеді.

ДАРХАН ХАЙРУЛЛИН, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– “Солтүстік Қазақстан облысы әрқашан жоғары кадрлық әлеуетімен ерекшеленіп келді. Бүгінде облыстағы мемлекеттік қызметте 4 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Олардың 17% -ның екі және одан да көп жоғары білімі бар”.

Шараға 600-ден астам төртінші курс студенті қатысты. Болашақ мамандар қазір информатика, қаржы, экономика және құрылыс мамандықтарында білім алып жатыр. Қолдарына диплом алған соң қызметке кіріседі. Жастар аудандардағы әкімдік аппаратының органдарына және ауылдық жердегі төменгі әкімшілік лауазымдарға тағайындала алады. Бүгінде 170 бос жұмыс орны қарастырылған.

ГҮЛНӘР ЖУСАЛИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:
– “Аудандардан 6-7 спикерлер қатысып отыр. Соның ішінде былтыр GPA 3.33 көрсеткішімен конкурссыз тағайындалған мамандар қатысуда. Олар мұнда өз тәжірибесін бөлісуге келді”.

Шараның басында жастарға өтініш парақтары таратылған еді. Соны студенттер толтырды. Кездесу соңында барлығы жинақталды, енді мамандар әр парақ негізінде жұмысқа қабылдау жайын қарастыратын болады. Былтыр осындай іс-шара нәтижесінде 38 қыз-жігіт қызметке алынған. Алдағы уақытта дәл осындай басқосу колледж студенттерімен де өтпек.

Сандугаш Кайырбек