Экология

Энергетиктер қала сыртындағы жылы арна аумағын тазалады

АРУЖАН СҰЛТАНОВА, тілші:
– “Петропавл екінші жылу электр орталығымен Белое көлі арасындағы каналды бәріміз білеміз. Қыста қатпайды. Жылы жаққа ұша алмай қалған құстар осында мекендейді. Оларға қамқор жандар азық әкеледі. Ал жазда бұл маңда балықшыларды, табиғат аясында демалатын адамдарды жиі көреміз”.

Тұмса табиғат аясында тыныстауға келген, қармағына балық іліктірген жандар көп жағдайда соңынан қоқыс қалдырып кетеді.
Таза судың жағасындағы тазалық жаршылары бүгін – энергетиктер. Судың жанын ретке келтіруге шыққандар саны аз емес.

Көп түкірсе көл болады. Осылай күш біріктірген адамдар жан-жақты тінтіп, терген қоқысты қапқа салды. Тұрмыстық қалдықтың да, әбден қурап, аяққа шырмалып, айналаның сәнін қашырып тұрған өсімдік жиналды. “Севказэнерго” АҚ-ның қызметкері Алексей Птицынның жұмысқа орналасқанына 3 ай болыпты. Осы уақыттың ішінде бірнеше тазалық шарасына қатысқан. Айтуынша, бұл – әріптестер арасында зор қолдау тапқан бастама.

АЛЕКСЕЙ ПТИЦЫН, “Севказэнерго” АҚ департамент инженері:
– “Бұндай экологиялық акцияларды қолдап отырамыз. Себебі, мында келетін тұрғындар табиғат аясында демалуды жақсы көргенімен, артта қалған қоқыстың қоршаған ортаға тигізетін зиянынан бейхабар. Экологиялық ахуалды қалыпты жағдайда ұстау үшін бүкіл сала мамандары белсенділік танытуы қажет деп ойлаймын”.

Дәстүрлі шараны энергетиктер апта сайын өткізеді екен. Бүгінгісі “Таза Қазақстан” акциясы мен 2-ЖЭО-ның 65 жылдығына арналып отыр.

 НИКОЛАЙ МАКСИМОВ, “Севказэнерго” АҚ департамент директоры:
– “Іс-шараға акционерлік компанияның барлық құрылымдарының қызметкерлері шықты. Тазалық акциясы бүкіл аудандарды қамтып отыр. Сәуірдің 1-інен бастау алған іс-шара қалың күзге дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында акцияға қатысқан жандардың саны мың жарымнан, ал тартылған техника саны 50-ден асады”.

Сонымен санаулы сағаттың ішінде жылы арна жағасы тазарып қалды. Қоқыс жиналды, қапқа салынды, енді полигонға апарып төгіледі. Барлығы – энергетиктер 7 тоннаға жуық қалдық жинаған.

Аружан Султанова