Қоғам

Тігіншілікті сүйікті ісіне айналдырған жан

ЖАНСАЯ ДЕРБІСОВА, тілші:
– “Бір қарағанда, бар болғаны мата, жіп пен ине. Бірақ осы қарапайым дүниелерді үйлестіріп, сәнді киім тігу – үлкен шеберлікті қажет етеді. Әр өлшемнің дәлдігі, әр тігістің ұқыптылығы маңызды. Бүгін біз осы еңбекті күнделікті кәсібіне айналдырған тігіншінің жұмысымен танысамыз”.

Әр мамандықтың өз жолы бар. Біреу бала күнінен таңдаған кәсібіне қадам басса, енді бірі өмір жолында күтпеген жерден өз орнын табады. Наталья Даниленконың тігіншілкке келуі де осындай кездейсоқтықтан басталған. Негізгі мамандығы – техник-құтқарушы. Алайда тағдыр оны осы шеберханаға жетелеп, бүгінде бұл жер оның сүйікті ісіне айналды.

НАТАЛЬЯ ДАНИЛЕНКО, тігінші:
– “Бұл мамандықты арнайы оқыған жоқпын, бірақ анам тігінші болған. Тігінші қажет деген хабарландыру арқылы осы жұмыс туралы білдім. Бастапқыда үйрену қиын болды. Бұл жұмыста ең алдымен сабыр мен ұқыптылық керек екенін түсіндім. Маған ерекше ұнайтыны – ұлттық киімдер мен көйлектер тігу. Балабақша балаларына да арналған киімдерді қуана тігемін. Кейде жұмыстың нәтижесі соңында қандай болатынын білмейсің. Бірақ дайын болған кезде қарап тұрып, осының бәрін өз қолыммен жасадым деп бір марқайып қаламын”.

Натальяның бұл шеберханадағы еңбек жолына 14 жылға жуықтапты. Осы уақыт ішінде ине-жіппен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, түрлі жеке тапсырыс орындауға машықтанған. Көйлек пен костюмнен бөлек, сахнаға арналған арнайы перделер мен киіз үйге қажетті бұйымдар тігеді. Оның осы саладағы алғашқы қадамын көрген жетекшісі – Светлана Шарипова. Ол Натальяның шеберханаға алғаш келген кезін еске алып, жұмысы жайлы айтып берді.

СВЕТЛАНА ШАРИПОВА, “Шарипова” ЖК ательесінің басшысы, Қызылжар ауданы:
– “Ол бізге келген кезде бұл істі мүлдем білмейтін. Қазір, міне толыққанды шебер болып жұмыс істеп жүр. Айтқан тапсырманы уақытында әрі сапалы орындайды. Сенім артуға болатын, жауапкершілігі жоғары маман. Әр жұмысын тиянақты орындауға тырысады. Осындай маманның біздің ұжымда жұмыс істеп жүргені мені қуантады”.

Маманды білікті шеберге айналдыратын – үздіксіз ізденіс пен маңдай тер. Тігіншілікке қадам басқан Наталья бүгінде бұл істі кәсіби деңгейде меңгерген жан. Оның әрбір туындысы – еңбектің, төзім мен сүйікті ісіне деген адалдықтың жемісі.

Жансая Дербисова