Петропавлда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жастар ресурстық орталығының мамандарына арналған республикалық семинар-тренинг өтті. Игі іспен айналысатын жандардың басын қосқан жиынға теріскей өңірі мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген белсенді жастар қатысты. Миссиялары ортақ белсенділер салада кездесетін түйткілдерді талқылап, жұмысты жетілдіру жөнінен ұсыныстарымен бөлісті.
АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– “Тағылымы мол іс-шара жыл сайын еліміздің 5 қаласында өтеді. Бүгін Петропавлда бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Үшкүндік жиын барысында жасанды интеллект, заманауи медиа коммуникациялар және сандық технология бағыттарын талқылаймыз. Бұл Жастар ресурстық орталығының мамандарына жылдам әрі сапалы жұмыс істеуіне ықпал етеді”.
Волонтер Іңкәр Асқаржан Талдықорған қаласынан келіп отыр. Бойжеткен еріктілікпен бертін айналыса бастаған. Айтуынша, волонтерлік істі қоғам ішінде ілгерілетуде жасанды интеллектінің мүмкіндігі зор.
ІҢКӘР АСҚАРЖАН, Жетісу облыстық Жастар ресурстық орталығының маманы:
– “Осындай семинарлардың арқасында біз көптеген пайдалы ақпарат аламыз. Басты назар жасанды интеллектке беріледі. Бұл біздің жұмысқа зор көмегін тигізеді. Мысалы, заман игілігі арқылы түрлі идея тауып, видео монтаждап, жадынама, хабарлама сынды қағаздар мен құжаттарды әзірлеуге болады”.
Жиында 50-ден астам адамның назарын өзіне аудартқан спикерлердің бірі – Алпамыс Шаримов. Астаналық маман жастардың алдында еріктілік іске заманауи медиа және коммуникация мүмкіндіктерін тарту мәселесін көтерді.
АЛПАМЫС ШАРИМОВ, тренинг спикері, Астана қаласы:
– “Негізгі бүгінгі өтетін тренингтің басты мақсаты – жастар ресурстық орталығында жастардың заманауи медиа мен коммуникацияға байланысты оларға арналған арнайы тренингпен келіп отырмын. Тренингте қалыптасып келе жатқан заманауи құралдар, мәселен жасанды интеллект және жалпы коммуникацияға байланысты жастарды біріктіретін түрлі тақырыптарды қозғайтын боламыз. Жастармен бірігіп жұмыс жасап, өзімнің тәжірибеммен бөлісе отыра, оларға қажетті сұраған дүниелеріне қатысты сұрақтарға жауап беремін”.
Бүгінде өңірде 10 мыңнан астам волонтер бар екен. Солармен бірге бір мүдде үшін жұмыс істеп жүрген ресурстық орталық мамандары семинар соңында сертификатқа ие болады.
Аружан Султанова