Солтүстікқазақстандық велоспортшы тарихи рекордты жаңартты. Жерлесіміз Алексей Луценко Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында 2-ші алтын жүлдені қанжығасына байлады. Ол топтық сында 160 шақырымды 4 сағат 13 минут 11 секундта бағындырып, мәре сызығын бірінші болып кесті. Осылайша жүйрігіміз сары құрлықтың басты додасында 6-шы мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Айта кетсек, Алексей 2014 жылы Инчхонда, 2018-де Джакартада және 2022 жылы Ханчжоуда үздік атанды. Тарихқа үңілсек, бұған дейін ең жоғары нәтиже Константин Негодяевке тиесілі болды. Ол – каноэде ескек есуден Азия ойындарының 5 дүркін чемпионы. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Алексей Луценконы айтулы жеңісімен құттықтады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– «Бұл – зор таланттың, табанды еңбектің және спортқа деген адалдықтың нәтижесі. Алексей халықаралық аренада Солтүстік Қазақстан облысы мен Қазақстанның абыройын асқақтатты. Біз оның жеңісін мақтан тұтамыз! Алда тағы алты жерлесіміз сынға түседі. Әрқайсысына сенім, жігер мен сәттілік тілеймін! Солтүстік Қазақстан облысы сіздермен бірге».
Нурасыл Ахмет