Мемлекеттік қызметтердің сапасы – халықтың билікке деген сенімін қалыптастыратын басты көрсеткіштердің бірі. Алайда, күнделікті өмірде тұрғындар құжат рәсімдеу, дайын құжатты күту немесе өтініштің негізсіз қабылданбауы сияқты түрлі жүйелік түйткілдерге тап болып жатады.
Саладағы олқылықтарды жою үшін бейінді департамент тарапынан ауқымды бақылау шаралары жүргізіліп жатыр. Мамандар қызмет көрсетушілердің жұмысына қашықтан мониторинг жүргізуді күшейтті. Рұқсат алу, лицензиялау, білім беру, денсаулық сақтау және жер қатынастары салаларының ақпараттық жүйелеріне қол жеткізіп, жүйелі түрде тексерулер ұйымдастыруда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде заңбұзушылықтардың азая бастағаны байқалады.
БОЛАТ ҚҰРМАНҒОЖА, ҚР МҚІА СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:
– “Бақылауды күшейту нәтижесінде жүйелі сипаттағы бұзушылықтар санының азайғаны байқалады. Мәселен, 2025 жылы өтініштерді тіркеу мерзімдерін бұзудың 2 мыңнан астам фактісі орын алса, ағымдағы жылдың басынан бері 400-ден астам факті анықталды. 2024 жылы қашықтықтан бақылау енгізілген кезде демалыста не іссапарда жүрген басшының ЭЦҚ-сымен қол қою жағдайлары 300-ден асатын. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш бірнеше есе азайды, жыл басынан бері небәрі 13 жағдай тіркелді.”
Осы орайда мемлекеттік қызмет көрсету кезінде талаптарды бұзған жауапты тұлғаларға қатысты тәртіптік жауапкершілік пен әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес әкімшілік шаралар қабылданады.
Жаннур Бектурганова