2013 жылдан бері елімізде “Еңбек күні” атап өтіледі. Қыркүйек айының соңғы жексенбісі болып белгіленген дата қарсаңында үздік мамандар құрметке бөленді. Бұл – қалыптасқан дәстүр. Бүгін облыстық әкімдікте “Парыз” және “Еңбек жолы” байқауының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты жиын шымылдығын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Еңбек адамы – елдің байлығы. Өз ісінің майталмандары қай кезде болмасын құрметке лайық. Олар елдің жарқын болашағы үшін күн сайын тыңбай еңбек етіп, отансүйгіштіктің нағыз үлгісін көрсетіп жүр”.
Облыс әкімінің құттықтау сөзінен кейін “Парыз” байқауының жеңімпаздары анықталды. Конкурс 5 аталым бойынша өтті. “Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын” номинациясында Ғ.Мүсірепов ауданындағы “Ақселеу” серіктестігі жеңімпаз атанды. Агроқұрылым егін және мал шаруашылығымен айналысады. Кәсіпорын орналасқан Ковыльное ауылы жыл сайын қарқынды дамуда.
СЕРІК МАЛАЕВ, “Ақселеу” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– “Биыл Ковыльное ауылында сауда орталығы мен асхана аштық. Наубайханамыз жұмыс істеп тұр. Онда нанның 10 түрі шығарылады. Еңбеккерлерімнің орташа жалақысы 360 мың теңгеден асады. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 400 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмын”.
Ал “Еңбек жолы” байқауы 4 номинация бойынша өтті. “Еңбек жастарының үздік тәлімгері” аталымында Киров зауытының 5-ші разрядты металл жонушысы Санат Мақанов топ жарды. Азамат кәсіпорында 2005 жылдан бері жұмыс істейді.
САНАТ МАҚАНОВ, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ металл жонушысы:
– “Зауытта жыл сайын колледж студенттері өндірістік тәжірибеден өтеді. Жас әріптестерім де бар. Олармен өз тәжірибеммен бөлісіп, бағыт-бағдар беремін. Металл жонушының негізгі міндеті – бөлшектерді станокта өңдеу. Қазір кәсіпорынға қажетті қалыптар мен штамптарды жасаумен айналысамын”.
Бұл күні жеңімпаздар 9 номинация бойынша анықталды. Енді олар өңір намысын республикалық додада қорғайды.
Нурасыл Ахмет