Өңірдің сумен қамту саласында жаға ұстатарлық фактілер тіркелді. Аққайыңдар өлкесінде ірі көлемдегі мемлекеттік субсидия заңсыз алынған. Бүгінде қазынадағы қыруар қаржыны қолды қылғандардың бір бөлігі анықталды. Оларға қатысты 8 қылмыстық іс қозғалыпты. Мұндай дерекпен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары бөлісті.
ДИАС ҚАБЕШ, СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеушісі:
– “Аталмыш заң бұзушылықтар Аққайың, Есіл, Шал ақын, Тимирязев, Тайынша және Мамлют аудандарында анықталды. Бүгінгі күні халықты сумен жабдықтауды жүзеге асыратын ұйымдардың 6 басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың бірі бас бостандығынан айырылды. Мемлекетке келтірілген залал 460 млн теңгеден асты”.
Түйені түгімен жұтудан тайынбағандар алдау тәсілін әбден меңгергені көрінеді. Брифинг барысында қолданылған айла түрлері де айтылды. Қылмыстардың орын алуына цифрлық қадағалаудың жоқтығы әсер еткен көрінеді. Яғни, субсидия бөлінеді, бірақ жеткізілген су көлемін нақты бақылау мүмкіндін емес болған.
ДИАС ҚАБЕШ, СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеушісі:
– “Ең көп таралған схема жіберілген судың көлемі туралы дұрыс емес мәліметтер беру: заңды тұлғалар мен кәсіпкерлерге жеткізу көлемі жасанды түрде төмендетіліп, халыққа жеткізілген көлемдер асыра бағаланады, бұл бюджеттік субсидияларды заңсыз алуға мүмкіндік береді”.
Анықталған себептерді жою үшін департамент сумен қамтушы ұйымдарға бірқатар ұсыныстар енгізген. Мамандар есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін салыстыруды, салық органдарының ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды және қосымша тексерулер жүргізуді қоса алғанда, бақылауды жетілдіруді алға тартқан. Айта кетерлік жайт, қазір тергеушілердің қарауында субсидияны заңсыз алудың жаңа эпизодтар да бар екен. Осы күні тың деректер тексерілуде.
Улан Ыдырыс