Қоғам

Көмекке зәру қарттарға 80 жастағы волонтер жәрдем береді

Жақсылық жасауға жас кедергі емес. Оған сексеннің сеңгіріне шықққан Геннадий Языков дәлел. Петропавлдық көмекке мұқтаж зейнеткерлер мен мүгедектігі бар жандарға қол ұшын созады. Көбіне сынған дүниені жөндеу, ауыр заттарды тасу сынды үй шаруасына қолғабыс етеді. Мысалы, бүгін Маяковский көшесі, 27 мекенжайында тұратын жалғызілікті қартқа көмектесуде. Нәзікжанды еріктіден есігін қалың материалмен қаптап беруді өтінген.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу – барлығымызға ортақ міндет. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, көп болып игі іске жұмылсақ, жұмыс та тез бітеді, берекеміз де артады”.

Геннадий Назарович үшін волонтерлік – міндет емес, жүрек қалауы. Жасы келсе де жігері тасып тұрған азаматтың қолынан келмейтіні жоқ. Бұл пікірмен үй иесі Әсия Сафина да растап отыр.

ӘСИЯ САФИНА, қала тұрғыны:
– “Ол маған әрдайым көмектеседі. Осыған дейін көмірімді кіргізіп берді, пеш салды. Маңайды тазалау жұмыстарымен де айналысты. Хабарлассам құрал-саймандарын ұстап, бірден келеді. Алғысым шексіз”.

Геннадий Языков 50 жыл құрылыс саласында еңбек еткен. Зейнетке шыққан соң волонтерлікпен айналысқанды жөн көріпті. Азамат мұқтаж жанға көмек көрсетіп, оның алғысын естуді зор бақыт санайды.

ГЕННАДИЙ ЯЗЫКОВ, “Күміс еріктілер” ҚБ мүшесі:
– “Қолымнан бәрі келеді. Адамдарға көмектесуге әрқашан дайынмын. Бір аптаның ішінде кемінде 3 адамға қол ұшын созамын. Бұл істі күнделікті жұмысым ретінде көремін. Қолдан келіп тұрса, неге көмек көрсетпеске? Менің істеген жақсылығым түбінде өзіме немесе жақын адамдарыма қайтып келетініне сенімім мол. Сондықтан аянып қалмаймын”.

Қолы шебер жерлесіміз есікті қаптап, маңайды жинады. Енді ол Жұмысшы кентінде тұратын мүмкіндігі шектеулі жанға бармақшы. Геннадий Языков телефон нөмірін адамдарға тастап кетеді немесе оны жерлестеріміз “Күміс еріктілер” қоғамдық бірлестігі арқылы табады екен.

Нурасыл Ахмет