Ауыл шаруашылығы

Егістікті спутник қорғайды: СҚО-да шаруаларға жүздеген миллион теңге өтемақы төленді

Биыл облыста ауыл шаруашылығы алқаптарын индекстік сақтандыру жүйесі аясында сақтандырылған шаруашылықтардың саны артқан. Оның басты ерекшелігі – барлық процестің автоматтандырылуында. Дәлірек айтсақ, егістіктің жағдайын спутник бақылайды. Құрғақшылық, артық ылғал тіркелсе немесе келеңсіз оқиғалар орын алса, заман игілігі жағдайды бірден тіркейді, нәтижесінде шаруаға өтемақы төленеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды Айыртау ауданындағы “Аманат жер 2020” серіктестігі де пайдаланып отыр. Агроқұрыылым биыл 17 мың гектар жерге дән сіңірген. Оның басым бөлігі дәнді дақылға арналған.

АРМАН БЕКМАҒАМБЕТОВ, “Аманат жер 2020” ЖШС директоры, Айыртау ауданы:
– “Ұзақ ойландық. Бірақ кейін бәрібір шешім қабылдап, 2020 жылы 7 жарым мың гектар егістікті сақтандырдық. Жүйе адамға тәуелді емес. Биыл сақтандыруға 40 млн теңге төледік. Спутник біздің алқаптарымызды қарады. Нәтижесінде құрғақшылыққа байланысты серіктестікке мемлекет тарапынан 420 млн теңге көлемінде өтемақы төлену туралы шешім шығарылды. Бүгінде қаржының жартысын алып үлгердік”.

Биыл облыста 90-нан астам серіктестік 213 мың гектар алқапты сақтандырған. Спутник мониторинг барысында егістіктерден бірнеше ауытқу анықтапты. Нәтижесінде бүгінде 60 агроқұрылымға 1 млрд 460 млн теңге өтемақы төленген.

АРМАН САЛЫҚОВ, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚОФ директоры:
–  “Мал өсірумен айналысатын кәсіпкерлер де шаруашылықтарын сақтандыра алады. Мәселен, қорадан өрт шықса, жануарлар ауруға шалдықса, мемлекет тарапынан өтемақы төленеді. Индекстік сақтандырудың тағы бір ерекшелігі – бірнеше кезеңге бөлінуі. Мәселен, шаруа жаздың басында құрғақшылыққа байланысты төлем алса, әрі қарай да сақтандыру тоқтамайды”.

Арман Сабырұлы аймақтағы серіктестіктерден кәсібін сақтандыруды сұрайды. Себебі, мемлекеттің бұл жүйесі шаруаларға табиғи тәуекелден қорғанып қана қоймай, қиын жағдайда кеткен шығынның орнын дер кезінде толтыруға мүмкіндік беріп отыр.

Нурасыл Ахмет