Петропавлдық Вадим Мударисов күн сайын велосипедпен жұмысқа барып, үйіне қайтады. Жол-жөнекей сүйікті әндерін де шырқайды. Бұл оған кешке дейін қуат боларлықтай қуаныш пен сергектік сыйлайды. Тізгіндеген қос дөңгелекті көлігін 10 жылдан астам уақыт бұрын қызына әперіпті. Жертөледе шаң басып жатқан соң бертін келе шығарып, жөндейтін жерін жөндеп, мініп алған. Қазір велосипедсіз бір күнін де елестете алмайды.
ВАДИМ МУДАРИСОВ, қала тұрғыны:
– “Өзімнің көлігім бар, алайда қала ішінде велосипедпен жүргенді құп көремін. Мұның бірқатар артықшылығын айта аламын. Қимыл-қозғалыс бірінші кезекте денсаулыққа аса пайдалы. Менің жасымда белсенді өмір салтын ұстану керек деген ойдамын. Екіншіден, экологияға зиян келтірмейсің. Өзімнің таңдауым арқылы “Таза Қазақстан” бастамасына үлес қосудамын. Үшіншіден, қалтаға салмақ түспейді. Осылардың барлығын қорыта келе, қолайлы ауа райында шағын ғана қос дөңгелекті көлігіммен зуылдаймын. Өзгелерге де осылай қатынауға кеңес беремін”.
Біреу білсе, біреу білмес, 22 қыркүйек – Дүниежүзілік бір күндік автокөліктен бас тарту күні. Мақсат айқын – ауаға таралатын зиянды заттардың көлемін азайту, жаяу серуендеудің пайдасын насихаттау. Мұндай бастаманы жерлестеріміз құп көреді. Оған Қазақстан Конституциясы көшесіне шығып, көз жеткіздік.
Дүниежүзілік бір күндік автокөліктен бас тарту күнінің экологиялық мән-маңызына толығырақ тоқталсақ. Көшедегі көліктердің барлығы бірдей қоршаған ортаға зиянды зат шығарады. Кейбірі нормадан асыра бөледі. Әсіресе, түтіні бұрқыраған автобустарды жиі көреміз. Мұндай бұзушылықтарды анықтау әрі тиісті шара қолдану мақсатында облыстық Экология департаменті арнайы акция ұйымдастырады.
– “Ағымдағы жылы «Таза Қазақстан» бастамасы аясында департаменттің мамандары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, «Таза ауа» акциясын және «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді. Оның барысында дизель отынымен жүретін 21-ші шағын автобус тексерілді. Өлшеу нәтижелері бойынша 4 автокөлік құралында түтіннің асыра шығуы анықталды. Тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды”.
СҚО бойынша экология департаменті
Өңірімізде көлік саны жыл артқан сайын ұлғаюда. Мәселен, қазіргі таңда өңірімізде 215 мыңнан астам темір тұлпар бар. Соның 86 мыңы Петропавлда тіркеліпті. Бұлардың барлығы қоршаған ортаға кері әсер етпейді емес. Өкінішке қарай, ауа ластануда.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– “Қолымызға кофе алып, құлағымызға құлаққап тағып немесе әуенсіз серуендеп қайтсақ, шаттыққа кенелеміз. Ал шаттық біздің көңіл-күйімізге, сәтті жұмыс күніне әсер етеді. Таза ауа, жасыл желек, айналада жүрген адамдар, шуағын шашқан күн. Мұның барлығы керемет. Сондықтан жаяу жүру керек немесе велосипед сынды көлік түрін таңдаған абзал”.
Байболат Култанов