Петропавлда профилактикалық есепте тұрған 50-ден астам азамат тексерілді. Оның барысында 2 тұрғынның алкогольдік масаң күйде жүргені анықталды. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда ішімдікке сылқия тойып алған 4 тұрғын анықталды.
АЙДЫН АҚМАҒАМБЕТОВ, қалалық ПБ бастығының орынбасары:
– “Қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелердегі проблемалық мәселелерді анықтау мақсатында нысаналы профилактикалық жұмыстар жүргізіледі, көпқабатты және жеке тұрғын үй секторларын аралау ұйымдастырылады”.
Бұдан бөлек профилактикалық жұмыстар аясында тәртіп сақшылары қала тұрғындарына жадынамалар таратты. Сондай-ақ, 12 тұрғын eGov Mobile арқылы несие рәсімдеуден ерікті түрде бас тарту қызметін қосты. Бұл – киберқылмыскерлерден қорғану тәсілінің бірі. Сонымен қатар, «Әділет» партиясының волонтерлері 14 есірткі жарнамасын тауып, оны өшірді.
АЙДЫН АҚМАҒАМБЕТОВ, қалалық ПБ бастығының орынбасары:
– “Бұл іс-шаралар есепте тұрған, алкогольдік ішімдікті асыра пайдаланатын, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтарға жол беретін адамдар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған. Іс-шара аталған санаттағы адамдардың профилактикасын нысаналы түрде жүргізуге және жалпы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді”.
Іс-шара соңында тұрғындарға учаскелік инспекторлардың байланыс деректері көрсетілген ақпараттық парақшалар берілді. Осылайша тұрғындар мен полиция инспекторлары арасындағы байланыс нығая түспек.
Жансая Дербисова