Облыс орталығында цифрлық қауіпсіздікті күшейту мақсатында ауқымды семинар-тренинг өткізілді. Шара қауіпсіздік кеңесінің шешімімен қолға алынған республикалық “КиберАй” акциясы аясында ұйымдастырылды. Басты мақсат – тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе сала мамандарының кибергигиена бойынша білімін арттырып, цифрлық құжаттармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру.
ДАМИР МҰСТАФИН, облыс әкімі аппаратының бас маманы:
– “Бүгінгі шарада киберқауіпсіздік бойынша дәрістер оқылып, арнайы цифрлық қауіпсіздік бағдарламаларын қолдану тәсілдері көрсетіледі. Осы мақсатта Астанадан арнайы мамандар шақырылды.
Семинарға кез келген адам қатыса алады. Негізінен, бұл жерде мемлекеттік қызметшілер, информатика пәні мұғалімдері мен ақпараттық технологиялар мамандары жиналған”.
Елордадан келген тәжірибелі сарапшылардың бірі – tLab Technologies компаниясының инженері Сергей Подскребкин. Отандық компания киберқауіпсіздік саласында 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мемлекеттік кірістер комитеті, Цифрлық даму министрлігі және әлеуметтік маңызы бар нысандар сияқты ірі тапсырыс берушілері бар. Бүгінгі семинарда сарапшы қарапайым құжаттың қалайша күрделі кибер шабуылға ұласып кетуі мүмкін екенін түсіндіріп кетеді.
СЕРГЕЙ ПОДСКРЕБКИН, tLab Technologies компаниясының инженері, Астана қаласы:
– “Менің тақырыбым қарапайым құжаттың қалайша мемлекеттік секторға қауіп төндіретін күрделі шабуылға айналатынын талдауға арналған. Бұл – жиі кездесетін жағдай. Зиянды бағдарламалар қорғалмаған желілерге шлюздер арқылы өтіп кетеді. Сондай шлюздердің бірі – қарапайым Майл.ру поштасы болуы мүмкін. Өздеріңіз білесіздер, поштаға жиі спам хабарламалар келіп тұрады. Олардың қайсысы зиянды екенін білмейміз. Бүгін мен сол файлдарды қауіпті не қауіпсіз екенін сараптауды үйретемін”.
Семинарға қатысушылар үшін арнайы практикалық алаңдар ұйымдастырылды. Мамандар заманауи қорғаныс жүйелерімен жұмыс істеуді тәжірибе жүзінде пысықтады. Мұндай зертханалық іс-шаралар
тыңдаушыларға келешекте желі қауіпсіздігін өз бетінше реттеуге көмектеседі. Семинар барысында білікті сарапшы Константин Кузьменко желі периметрін қорғау әдістерін түсіндірді.
КОНСТАНТИН КУЗЬМЕНКО, Fortinet компаниясының қызметкері, Астана қаласы:
– “Біз бүгін қолданушының әрекетін бақылап, желі периметрін қорғайтын жаңа буындағы қорғаныс құралын таныстырамыз. Ол сырттан кіретін зиянды компьютерлік вирустардан қорғануға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар қай сілтемені басу керектігін біле бермейді, ал бұл жүйе қауіпті сілтемелерді автоматты түрде бұғаттайды”.
Шара республика бойынша цифрлық қауіпсіздік айлығы аясында өтті. Мұндай ақпараттық жиындар алдағы уақытта өңірдегі барлық аудандарын қамтымақ.