ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Президенттің «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу жөніндегі тапсырма аясында оны қалыптастыру тәсілдерін таныстырды. Ұлттық стандартты бес тақырыптық бағыттан тұратын жүйе ретінде қалыптастыру ұсынылып отыр, олар – экологиялық ағарту, экологиялық волонтерлік, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы, оларды көгалдандыру, сондай-ақ табиғи аумақтардың тазалығы. Әрбір бағытты әзірлеуге және енгізуге тиісті мемлекеттік орган жауапты болады, жалпы үйлестіруді Үкімет деңгейінде жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырыла бастағаннан бері 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылған, 7 млн ағаш отырғызылып, 2 мыңнан астам волонтерлік жоба жүзеге асырылған. Экологиялық тәрбие бойынша 560 мыңнан астам сынып сағаттары өткізілген. TazaQazBot арқылы азаматтардан санитарлық жағдай және аумақтарды абаттандыру мәселелері бойынша 57 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
Данаш Хамза