ТЖ

ТЖД қызметкерлері жатақханаларда рейдтер жүргізуде

Өңірде жылыту маусымы қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері бірлесіп, қала мен аудандардағы жатақханалар мен хостелдерде кешенді профилактикалық рейд өткізді.

Төтеншеліктер куә болған көрініс сын көтермейді. Өрт кезінде маңызы зор саналатын эвакуациялық шығу жолдары ескі жиһазбен бітелген. Қоқысқа толып қалған. Терезелердің шынылары сынған, ал терезеалды тақтайлар темекі шоғынан әбден күйіп қалған. Бұл нысандар әкімдіктің балансына жатпайды және пәтер иелері кооперативтері де жоқ. Көбі жекеменшіктің қарамағында. Қалада қазір осындай 56 жатақхана бар. Олардың көбі орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмаған. Осы ретте мамандар тұрғындарға газ баллонын, ақаулы электр құралын пайдалануға болмайтынын айтты.

ДИАНА ШАМШУАЛИЕВА, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері:
– “Рейд кезінде жатақханаларда қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылғанын өз көзімізбен көрдік. Тұрғындардың жауапсыздығы да алаңдатады – ережелерді елемей, қауіпті әрекеттерге барады. Сондықтан біз қаладағы барлық жатақхана мен хостелді қатаң бақылауға алып, бұл бағыттағы рейдтерді тоқтатпаймыз. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертеміз!”.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында 300-ден астам өрт тіркелген. Салдарынан 28 адам қаза тауып, 17 адам жарақат алды.

Жаннур Бектурганова