Білім

Теріскейлік студенттер Қытайда білім алады

Петропавлға жұмыс сапарымен Қытайдың Шыңжаң аграрлық кәсіптік-техникалық университеті мен “Шыңжаң Тайкунь” компаниялар тобының делегациясы келді. Қонақтар Қозыбаев университетінің басшылығымен кездесті. Отырыс барысында қос тарап ынтымақтастық бойынша келісімге келді. Ол бойынша теріскейлік студенттер Аспанасты елінде білім алып, болашақта Қазақстандағы қытайлық компаниялардың бірінде жұмыс істейтін болады.

ХА ЦЗЯНЬШЭН, “Тайкун” компаниясы партия комитетінің хатшысы, кадрлар жөніндегі директордың орынбасары:
– “Біздің “Шыңжаң Тайкун” компаниясының құрылғанына 30 жыл болды. Осы уақыт ішінде компания қарқынды дамып, 40-тан астам еншілес кәсіпорын құрды. Бүгінде біз агроөнеркәсіп саласында, соның ішінде өсімдік майын өндіру, жемшөп дайындау, мал және құс шаруашылығы бағыттарында жұмыс істейміз. Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз. Алдағы уақытта Қазақстанда күнбағыс дәнін өңдейтін зауыт ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл 80-ге жуық жұмыс орнының ашылуына септігін тигізеді”.

Зауыт Ақмола облысында ашылмақ. Оның құрылысы алдағы 1-2 жылдың ішінде аяқталуы тиіс. Кәсіпорында тек жергілікті мамандар жұмыс істейтін көрінеді. Сол себепті, қытайлық компания өкілдері жұмысшыларды алдын ала даярлауға ниетті. Таңдау Қозыбаев университетіне түскен екен. Қос дипломдық жоба бойынша шамамен 20 студентті оқыту жоспарда бар.

ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ ректоры:
– “Бұл – білім беру, өндіріс және жұмысқа орналасуды қатар қамтитын тиімді жоба. Біздің студенттер Қазақстан мен Қытайдағы екі университетте білім алады. Оқу барысында олар кәсіпорында тәжірибеден өтіп, өндірістің жұмысымен және жаңа технологиялармен танысады. Білім алғаннан кейін студенттер “Тайкун” компаниясының Қазақстандағы кәсіпорнында жұмыс істей алады. Осылайша, біз болашақ мамандарды алдын ала дайындап, олардың оқу бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жағдай жасаймыз”.

Айта кетейік, аталмыш жобаға қатысатын ұл-қыздар үшінші курстан бастап кәсіпорынның өзінде дуалды білім беру жүйесі бойынша тәжірибеден өте алады. Алғашқы кезеңде тың бағдарлама аясында 20-30 студентті қамту жоспарланып отыр. Кейін олардың саны арта түседі.

Улан Ыдырыс