Сенбі күні Петропавлда кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Сауда-саттық шаһардың “Алтын Арман”, “Қызылжар Ақбастау” және “Дәрия” базарларында ұйымдастырылды. Ауылдың сапалы, табиғи өнімдері қолжетімді бағада саудаланды.
ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– “Жыл басынан бері облыста 102 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Онда 175 мың тоннадан астам өнім сатылды. Бүгінгі шараға тауарөндірушілер 5 тоннадан астам өнім әкелді. Бағалары дүкендегіден 15-20 пайызға арзан. Тұрғындар арасында, әсіресе, етке сұраныс өте жоғары”.
Шарада жылқы етінің келісі – 3300, сиыр – 3100, қой еті 3 мың теңгеден саудаланды. Бұл күні “Алтын Арман” базарына адам көп жиналды. Мұнда Айыртау, Шал ақын, Тайынша ауданының тауарөндірушілері сауда жүргізді.
МЕДЕТБЕК БЕКЕНОВ, Сырымбет ауылдық округінің әкімі, Айыртау ауданы:
– “Ауылдан ет, 10 литр сүт және сүт өнімдерін әкелдік. Сауда жақсы жүруде. Айына бір рет Петропавлда өтетін жәрмеңкеге келіп отырамыз”.
Көкөніс, балдың түр-түрі, жұмыртқа, ет пен сүт. Жәрмеңкеден қалағаныңның барлығын табуға болады. Үш сағаттың ішінде тауардың барлығы сатылып кетті. Сөмкелерін толтырған тұрғындар дән риза. Шараға облысымыздың 6 ауданынан келген еңбеккерлер қатысты. Барлығы 5 тоннадан астам өнім саудаланды.
Нурасыл Ахмет