Қызылжар ауданында мемлекеттік қызметшілер мен кәсіподақ мүшелеріне арналған “Кәсіподақ десанты” шарасы ұйымдастырылды. Ауқымды акция аясында кәсіподақ мамандары жеке қабылдау өткізді. Онда қатысушыларға материалдық көмек, ұйым жұмысы, мемлекеттік қызмет және заңгерлік қолдау бағыты бойынша жан-жақты кеңес берілді.
ЕРІК НҰРАҚАЕВ, “СҚО Кәсіподақ орталығы” АКБ төрағасы:
– “Жаңа Ата заңда көптеген өзгерістер бар. Мемлекеттік қызметкерлерге жаңашылдықтарды түсіндіру мақсатымен келіп отырмыз. Кәсіподақ мүшелеріне еңбек қатынастарынан бөлек, тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелер бойынша көмек көрсетіледі. Ал кәсіподақ мүшесі емес азаматтарға еңбек саласы бойынша құқықтық кеңес беріледі”.
Қызықтырған сұрағына жауап алған қызметкердің бірі – Гүлмира Жамахаева. Нәзікжанды аудан әкімі аппаратында 29 жыл еңбек етіп келеді. Қызмет жолын тіл саласы маманы ретінде бастаған. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет саласының дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
ГҮЛМИРА ЖАМАХАЕВА, Қызылжар ауданы әкімі аппаратының бөлімше басшысы:
– “Қызықтырған сұрағым бар, жұмыс барысында кейбір мемлекеттік қызметкер тәртіптік жазаға тартылады. Кәсіподақтар тарапынан мемлекеттік қызметшіні тәртіптік жазадан қалай алып қалуға болады? Кәсіподақ комитеті мемлекеттік қызметшінің құқығын қалай қорғай алады? Қос сұрағыма жауап алдым. Қазіргі таңда бізде ұжымымызда 3 тарапты келісім шарт бар, соған өзгерістер енгізілген, мемлекеттік қызметшілердің құқығын келісім-шарт арқылы қорғауға болады екен”.
Жыл басынан бері облыста бұл акция аясында 210 адам консультациялық көмек алды. Мамандар алдағы уақытта аймақтың барлық ауданында осындай шараны өткізуді жоспарлауда. Жиын соңында сала ардагерлері мен үздік қызметкерлер кәсіподақ атынан “Қызмет” грамотасымен марапатталды.
Жаннур Бектурганова