ЖАНСАЯ ДЕРБІСОВА,тілші:
– “Табиғат аясында демалатын орын көп, бірақ оны таза сақтау – баршамызға орта міндет. Осы мақсатта Пестрое көлінің маңында Дүниежүзілік тазалық күніне орай арнайы іс-шара ұйымдастырылды. 100-ге жуық қатысушы жиналып, көл жағасын қоқыстан тазартып, қоршаған ортаға жанашырлық танытты”.
Табиғатқа деген қамқорлықты кейінгі буынға ұғындырудың ең жақсы жолы – оны іспен көрсету. Тазалық күнінде аға буын өкілдері жастармен қатар жүріп, ортақ іске атсалысты. Осылайша экологиялық мәдениеттің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына үлес қосты.
ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– “Тазалық күніне ардагерлермен бірге келіп отырмыз. Ағаш отырғыздық. Осындай іс-шаралардың арқасында қаламыз көркейе түседі. Осындай іске өз үлесімізді қосып, еңбегімізді сіңіргіміз келеді”.
Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысып, тұрғындармен бірге ағаш отырғызды. Айта кетейік, биыл “Қызылжар” экопаркін жаңғырту жұмыстары басталды. Болашақта бұл аумақта триатлон паркі бой көтермек. Маңызды істі алдағы 2 жылда аяқтау жоспарланған.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-“Биыл аумақтағы барлық алаңдар жаңартылып, ағаштар отырғызылып, суару жүйесі ұйымдыстарылады. Сонымен қатар, жүгіру, жаяу жүргіншілер және велосипед жолдарын жасау қарастырылған. Жолдың жалпы ені – 8 метр. Өз ауламызға, көшемізге, саябақтар мен туған өлкенің табиғатына ұқыпты қарау – ортақ міндет. Осы ауқымды жұмысқа атсалысып, Солтүстік Қазақстан облысының таза, жасыл әрі жайлы болуына өз үлесін қосып жүрген барша азаматқа алғыс айтамын”.
Экологиялық бастамаға отбасымен бірге қатысқан жандардың бірі – Батпа Қалдыбекова. Ол балаларымен бірге ағаш отырғызып, тазалық жұмыстарына қатысты. Жанұя мүшелері мұндай сенбіліктерден қалыс қалмайды екен.
БАТПА ҚАЛДЫБЕКОВА, қала тұрғыны:
– “Дүниежүзілік тазалық күніне орай жанұямызбен бірге келдік. “Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын” дейді. Көшет егуге келіп отырмыз. Осы отырғызылған талдың өсіп-өнуіне көп үлес қосамыз”.
Іс-шараға жастарымыз да белсенді қатысты. Университет студенттері еріктілер қатарында болып, экопарк аумағын тазалауға атсалысты. Жалпы, игі бастамаға 30-ға жуық ерікті жұмылдырылды.
НАРГИЗ ҚЫРҒЫЗБАЙ, студент:
– “Барлығымыз бірігіп, “Таза Қазақстан” акциясына қатысып, өзіміздің көмегімізді көрсетіп отырмыз. Негізінде, мұндай акциялар белгілі бір аумақты жинаумен ғана шектелмейді. Бұл – ең алдымен өзімізден басталатын әрекет. Тазалықты күнделікті өмірде де әдетке айналдыруымыз керек”.
Акция аясында шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды. Онда қажетсіз затты бірден қоқысқа тастамай, оған жаңа “өмір” сыйлау жолдары көрсетілді.
ТАТЬЯНА КОНДРАШОВА, дизайнер:
– “Бұл – экологияны қолдап, балаларға табиғатты қорғаудың маңызын түсіндіруге негізделген өз бастамам. Өзім қақпақ, пластик және ескі ойыншықтардан түрлі әшекей бұйымдар жасап, топтамалар жинақтаймын. Шығармашылығыма табиғат пен күннен шабыт аламын. Таза орта – жан рахаты. Осыны түсінсек екен деймін”.
Дүниежүзілік тазалық күні өңірде 17 225 ағаш отырғызылып, экологиялық іс-шараларға 12 мыңнан астам адам атсалысты. Түбі жерге қадалып, су құйылған жасыл желектің 170-і енді Пестрое көлінің маңына сән бермек.
Жансая Дербисова