ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
– “Қазір біз арнайы оқу-жаттығу жиындары өтіп жатқан орында тұрмыз. Мұнда 80-ге жуық запастағы офицер, сержант пен сарбаз дайындықтан өтуде. Мен де бүгін осы әскери өмірдің бір сәтін сезініп көруге мүмкіндік алдым”.
Арнайы оқу-жаттығу жиыны 10 күнге жоспарланған. Осы уақыт ішінде әскери міндетті жандар кестеге сай өмір сүреді. Дайындық таңғы 6-да басталады. Есіл ауданында жасақталған тепсе темір үзетін азаматтардың тобы Мамлют ауданы Белое ауылының жанында орналасқан полигонға келді. Олар арнайы нормативтерді орындап, атыс алдындағы даярлықтан өтуде.
Жауынгерлік әдісті пысықтағаннан кейін лагерлік жиын қатысушыларының әрбіріне белгіленген мөлшерде оқ беріледі. Оны сарбаздар оқжатарға салып, атыс алаңына келеді. Сөйтіп, бақылау атысының 4-ші жаттығуын орындауға кіріседі.
Жаттығу барысында запастағы әскерилер қозғалмайтын кеулік нысанды 100 метрден АК-74 қаруымен жатып атады. Бұл арқылы азамат қаруды дұрыс қолдануды үйреніп, атыс кезіндегі жылдамдық пен дәлдік қабілетін дамытады. Арнайы лагерлік жиынға келген адамдардың басым бөлігі – орта жастағы ер азаматтар.
БІРЖАН ҚОЙШЫБАЕВ, запастағы офицер, Есіл ауданы:
– “Қазіргі уақытта Покров орта мектебінің директоры қызметін атқарып жүрмін. Осы оқу-жаттығу жиындарына өз еркіммен қатысуға ниет білдірдім. Жиын барысында білікті әскери мамандар өз тәжірибесімен бөлісіп, біздің әскери біліміміз бен біліктілігімізді арттыруға мүмкіндік беріп жатыр. Қазіргі таңда лейтенант шеніндемін, оқу-жаттығу жиындарының нәтижесінде кезекті әскери шен – аға лейтенант шенін алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар6 әскери тәжірибемді жетілдіріп жатырмын”.
Аталмыш оқу-жаттығу жиыны еліміздің әрбір өңірінде жыл сайын өтеді. Биыл өңірде таңдау Есіл ауданының әскери міндеттілеріне түскен екен.
РАУАН АХМЕТОВ, ҚР ҚМ 99275 әскери бөлімі бастығының орынбасары:
– “Бұл жиынның басты мақсаты – запастағы әскери міндеттілердің жауынгерлік даярлығын жетілдіру. Жиын барысында жеке құрам қабылданып, медициналық тексеруден өтті. Одан кейін жауынгерлік дайындық сабақтары басталды. Қазір әскери міндеттілер тактикалық дайындық бойынша тиісті жаттығулардан өтіп жатыр”.
Сарбаздардың дайындық барысын көруге облыс әкімі аппаратының басшысы келді. Руслан Әлішев лагерлік жиын қатысушыларымен тілдесіп, олардың жағдайымен танысты. Айта кетейік, оқу-жаттығу жиынының қорытындысы кезеңі қыркүйектің 23-ші жұлдызы өтеді. Онда запастағы әскерилер 10 күн ішінде меңгергендерін тактикалық алаңда көрсететін болады.
Улан Ыдырыс