Петропавлда “Алтын Орда – тарихи сана және бабалар аманаты” атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Тағылымы мол шараны облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырды. Көнегөз қарияларымыз осы арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, сан қырлы тарихымызды зерттеуге шақырады. Алқалы кеңестің шымылдығын облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев ашып, аймақ басшысының құттықтау хатын оқып берді.
РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:
– “Ұлы дала кеңістігінің солтүстік бөлігінде орналасқан біздің өңір ежелден түрлі өркениеттер мен мәдениеттердің мекені саналады. Оған облыстан табылған археологиялық ескерткіштер дәлел”.
“Біз төл тарихымызды таныған сайын, бүгінгі Қазақстанның тамыры қаншалықты тереңде жатқанын анық сезінеміз. Ал Алтын Орда мұрасын жан-жақты зерделеу арқылы Ұлы даланың әлемдегі орнын айқындап қана қоймай, халқымыздың қалыптасуы мен дамуындағы сабақтастықты көре аламыз”. Бұл – облыстық мемлекеттік архив директоры Сәуле Мәлікованың пікірі. Оның сөзінше, Алтын орданың теріскейге де тікелей қатысы бар.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– “Уәлиханов ауданындағы Қызыл оба ескерткішінде Жошының ұрпақтары мекендеген. Аталған аумақта бірнеше мазар табылды”.
Алтын Орда – Ұлы дала өркениетінің дамуына елеулі үлес қосқан ірі мемлекет. Ата-бабаларымыз кезінде тек қана соғысып қана қоймай, Еуразияның ұлан-ғайыр кеңістігін игерген, қалалар салған, сауда жолдарын дамытқан.
ЗЫЛИХА БИМАҚАНОВА, Қозыбаев университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты:
– “Алтын орда 1236-1242 жылдардағы Бату ханның Батысқа жасаған жорығынан кейін құрылды. 2 жарым ғасырлық тарихы бар”.
Төл тарихымызды терең білу арқылы біз өткенді бағалап қана қоймай, одан тағылым аламыз. Бүгінімізді байыппен саралап, болашаққа жауапкершілікпен қараймыз. Бүгінгі маңызды шараның өткізудегі басты мақсат та осы.
Нурасыл Ахмет